Кейінгі күндері желіде «1 наурыздан бастап қазақстандықтарға шенген визасын алу қиындайды» деген ақпарат жиі тарап жүр. Бұл қаншалықты рас? Шенген визасын алу тәртібінде көктемнен бастап қандай өзгерістер бар? Осы туралы бүгінгі материалымызда айтамыз.
«Шенген визасын алу үшін қосымша консультациядан өту керек» — Смадияров
Министрлік өкілінің сөзінше, Қазақстан көктемнен бастап азаматтары Шенген визасын алу үшін қосымша консультациядан өтуге міндетті елдер қатарына кірген. Ал бұл болса — кәдімгі жұмыс процесі. Мұндай қадам Шенген келісімі елдерінің бірінің өтініші бойынша қосылған екен. Аталған консультациялардың ұзақтығы шамамен 7 күнге жуықтауы мүмкін. Әйтсе де, виза сауалнамаларын қарастыратын стандар мерзім сол күйі қалды. Яғни бұрынғыша 15 күн ішінде бір жауабы беріледі.
Негізі Шенген келісімі елдері виза беруге қатысты шешімді өзі қабылдайды. Кей жағдайларда регламент 45 күнге дейін созылып кетуі де ғажап емес. Тіпті виза беретін ел қаласа, өтінім берушіден зейнетақы шотының үзіндісін сұратуы да мүмкін. Қазіргі уақытта өтінім берушілер саны көбейген. Сондықтан құжат тапсыруға жазыларда біраз күтіп қалуыңыз мүмкін. Әйтсе де, 1 наурыздан бергі өзгеріске аса уайымдаудың қажеті жоқ. Егер бұған дейін еуроаймақта заң бұзбай, тәртіппен жүрген болсаңыз, қорықпаңыз. Өз елінің шекарасына кіретін азаматтарды дұрыстап тексеріп алуы — заңдылық. Өйткені қауіпсіздік аса маңызды. Жаңа өзгеріс енгізілген елдердің ішінде Қазақстаннан бөлек, Армения, Вьетнам, Тунис, Марокко, Орталық Азияның барлық елі бар.
Визаға тапсырарда нені есте ұстау керек?
Көктемде Шенген аймағындағы елдерде туристік маусым басталады. Осыны баса назарға алу керек. Шамамен, сәуірден бастап ол жақта күн жылып, туристер ағыла бастайды. Сол себепті өздігіңізбен құжат тапсырғыңыз келсе, кемінде 2 ай бұрын қамданғаныңыз абзал. Адам ағыны аз кезде одан қысқа уақытта тапсырып, жауабын алуға болады. Виза орталықтарына жазылу мүмкін емес болып жатса да, таңғалмаңыз. Айталық, Италияға қазірдің өзінде сәуірдің аяғына дейін орын жоқ. Олар жазылуды айына бір не екі рет қана ашады. Сол кезді пайдаланып, үлгеріп қалуға тырысқаныңыз жөн.
Шенген аймағына кіретін және кірмейтін елдер тізімі
Шенген визасы бойынша мына елдерге ғана кіруге болады. Яғни аумақ бойынша Еуропада болғанымен, бөлек виза алу міндеттелетін мемлекеттер барын есте ұстаңыз.
Аустрия | Бельгия | Мажарстан |
Германия | Грекия | Дания |
Исландия | Испания | Италия |
Латвия | Литва | Лихтенштейн |
Люксембург | Мальта | Нидерланд |
Норвегия | Польша | Португалия |
Словакия | Словения | Финляндия |
Франция | Хорватия | Чех Республикасы |
Швейцария | Швеция | Эстония |
Шенген аймағына кірмейтін, сәйкесінше шенген визасымен кіре алмайтын елдерді де атап өтейік. Олар: Албания, Болгария, Румыния, Кипр, Бонайре аралы, Саба және Синт-Эстатиус, Кюрасао аралы мен Синт-Мартен, Гибралтар, Реюньон және Француз Гвианасы. Бұған дейін шенген аймағына 26 ел кірген болса, 2022 жылдың 8 желтоқсанындағы отырыста бұл зонаға Хорватияны қосу туралы шешім қабылданған еді. Осылайша тізім толығып, бүгінде жалпы саны 27 ел кіреді.
Виза кімдерге беріледі?
Шенген визасы төрт түрлі категорияға бөлінеді: A, B, C және D. Алғашқы екеуі үшінші мемлекетке барар жолда транзитпен шекара кесіп өтерде керек. А типі бойынша әуежай ішінде жүруге ғана рұқсат беріледі. Яғни одан сыртқа шыға алмайсыз. Ал енді В типті виза рәсімдесеңіз, онда Шенген келісімі аймағында бес күн жүрсеңіз болады. С визасы қысқа мерзімге, туристік мақсатқа беріледі. Саяхатшылар осы түріне тапсырады. Ал оқу, жұмыс не көшу үшін D типті визаға тапсыру қажет. Бұрын қазақстандықтарға туристік виза беретін ел саны шектеулі еді. Мысалы, Испания не Мажарстан дегендей. Оқу, жұмыс, емделу мақсатында болмаса, турист болып қыдырып баруға рұқсат берілуі қиын болған. Ал қазір Шенген аймағындағы кез келген елге туристік мақсатпен баруыңызға болады.
Шенген визасымен қанша уақыт жүруге болады?
Барлығы виза типіне байланысты. Мысалы, С визасы бойынша әр алты ай сайын максимум 90 күн болуға рұқсат беріледі. Әрі бір реттік және мультивиза деген бар. Мысалы сізге бір реттік шенген визасы берілді делік. Ондай жағдайда Германияға бір барып, он күн болып қайтсаңыз, виза уақыты бітеді. Яғни сол визамен келесі айда тағы бара алмайсыз деген сөз. Қайтадан өтінім беріп, қайта құжат тапсыруға тура келеді. Ал мультивиза дегеніміз — бір визамен бірнеше рет кіріп-шығуға рұқсат берілетін түрі. Мұндайда бастысы елде бола алатын күндерден жаңылысып кетпесеңіз болғаны.
Бір визамен бірнеше елге баруға бола ма?
Шенген визасының артықшылығы да сол — келісім аясындағы елдер аумағында емін-еркін жүруіңізге болады. Жаңа елге кірген сайын виза тапсырып жүрудің қажеті жоқ. Егер бір барғанда еуротур жасаймын деп жоспарласаңыз, ең ұзақ болатын елдің виза орталығынан рәсімдеген абзал. Ал енді әр елде болатын ұзақтық шамамен бірдей болса, онда бірінші болып қай елге барасыз, сол елдің елшілігіне барып, құжат өткізіңіз.
2023 жылы виза құны қанша тұрады?
Виза құны баратын еліңізге байланысты. Елдердің біразында құжат қабылдайтын арнайы орталықтар бар. Сондықтан туристерге консул алымын ғана емес, виза рәсімдейтін сервис алымын да төлеуге тура келеді. Айталық, Германия арқылы шенген алу үшін Visametric агенттігінің көмегіне жүгінесіз дегендей. Консул алымы ересектер мен 12 жастан асқан жасөспірімдерге 80 еуро тұрады. Ал 6-12 жас аралығындағы балаларға — 40 еуро. Германияға баратын болсаңыз, агенттіктің сервис алымына 26,54 еуро немесе теңгеге шаққанда 13 мыңдай төлеуіңіз керек. Консул және сервис алымы қолма-қол төленеді. Қандай валютада алынатынын әр ел өзі айтады. Германия теңгемен қабылдай берсе, Мажарстан еуромен алады.
Қай елшілік жиі мақұлдайды?
Әрине, «мына елшілік 100 пайыз виза береді» деп айту мүмкін емес. Өйткені қандай жағдайда болсын бірінші кезекте сіздің қаржылық жағдайыңыз, құжаттардың дұрыс толтырылуы, саяхат жоспарыңыз маңызды. Сонымен бірге тексеріп, қабылдайтын адамға да біраз нәрсе байланысты. Мақұлдамай қоятын себептерді де атап өтейік. Ең жиі кездесетіндері мынадай:
- Маршрутыңыз өте күрделі әрі билет, қонақүй броны жоқ;
- Мемлекетке төлейтін қарызыңыз не айыппұлыңыз бар;
- Виза режимін бұзғаныңыз үшін бұрын депорт жасалған;
- Банк картаңызда ақша жоқ, не тым аз;
- Маңызды құжаттарды салмағансыз. Бұдан бөлек себептер де болуы мүмкін.