KIMEP университетінің мемлекет меншігіндегі үлесі сатылмайтын болды

Жарияланды
Жекешелендіру жоспарынан бірқатар нысан шығарылды. Фото: kursiv.media

Қазақстан үкіметі 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарынан алты нысанды алып тастады. Бұл туралы Primeminister.kz сайтында жарияланған үкімет қаулысында жазылған.

Жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдар тізімінен KIMEP университеті шығарылды.

Сондай-ақ, Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы, «Түркістан» индустриялық аймағын басқарушы компания және Алматы қаласындағы жерлеу қызметі мемлекет еншісінде қалатын болды.

Бәсекелестік ортаға беруге ұсынылған еншілес, тәуелді акционерлік қоғамдар және олармен аффилиирленген өзге де заңды тұлғалардың тізімінен «Астана – Арнайы қызмет көрсету бюросы» мен «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» да шығарлады.

Кешенді жекешелендіру жоспарына мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы 675 нысан кіреді. Оның ішінде жеті нысан республикалық меншікте, 250 нысан коммуналдық меншікте, 262 нысан ұлттық холдингтер мен компаниялар, 150 нысан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар иелігінде.

Ақпан айының ортасында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылдың басынан бері 308 млрд теңгеге 368 нысан сатылып, кейіннен кері сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілгенін, 61-і қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілгенін, 206 нысанның қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілгенін айтты. Сол кездегі аукционда 40 нысан болған.

Сондай-ақ оқыңыз