Үкімет қымбашылықты ауыздықтау үшін тұрақтындыру қорларындағы азық-түлікті сатады

Жарияланды
Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік сатылады. Фото: www.shutterstock.com

Ел үкіметі қымбатшылықты ауыздықтау үшін тұрақтандыру қорларындағы азық-түлікті нарыққа көптеп шығармақ. Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өңірлерге осындай тапсырма берді.

Серік Жұманғарин атап өткендей, өткен аптада көкөністер бағасының қымбаттау қарқыны бәсеңдегенімен, тұрақтаған жоқ. Яғни, әлеметтік маңызы бар тауарлардың тұрақтандыру қорларынан нарыққа шығарылатын көлемі әлі де жеткіліксіз болып отыр.

«Әкімдіктерге қорды қоймаларда ұстамай, көкөніс сататын сауда нысандарының санын көбейте отырып, оларды үлкен көлемде нарыққа шығаруды тапсырамын», деді Серік Жұманғарин әкімдіктердің басшыларына.

Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековты айтуынша, айналымға 56,2 мың тонна көкөніс жіберілген.  Бүгінде 18,4 мың тонна көкөніс, оның ішінде пияз – 4,9 мың тонна, қырыққабат – 2,8 мың тонна, картоп – 7,0 мың тонна, сәбіз – 3,6 мың тонна сатылған.

Жақында үкімет елдегі тұрақтандыру қорлары тексерілетінін мәлімдеді. Өйткені Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қордан шығарылған әлеуметтік маңызы бар көкөністер үкімет белгілеген бағадан қымбатқа сатылып келген.

Өткен айда инфляцияға тікелей әсер ететін азық-түлік бағасын төмендету үшін резервтегі қор шығарыла бастаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз