2022 жылы шетелдіктерге 734 мың ЖСН берілген
2022 жылы Қазақстанның сыртқы көші-қоны векторын өзгертті. Кейінгі онжылдықта алғаш рет өзіне тән емес тенденция байқалды. Былтыр эмигранттардың қатары қысқарып, есесіне Қазақстанға көшіп келгендер мен мигрант саны артты. Алдыңғы жылы шетелге тұрақты тұруға 32,3 мың адам кетсе, былтыр 24,2 мың адам көшіп кеткен. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің қатары бір жылда 56,7 пайызға артып, 17,3 мыңға жеткен. Салыстырар болсақ, 2021 жылы елімізге 11 мың ғана адам көшкен.
Ranking.kz сарапшыларының жазуынша, көші-қон сальдосының динамикасы – келгендер мен кеткендер саны арасындағы айырмашылық, соңғы он жылда теріс болған.
Қазақстанға көшіп келушілердің үштен бір бөлігі ресейліктер болса, басым бөлігі Өзбекстаннан көшіп келгендер. Дегемен былтыр елімізге Ресейдегі мобилизациядан қашқан жүз мыңдаған мигрант қарасы ресми саннан әлденеше есе жоғары екені белгілі. Неге олар статистикаға енбеген? Өйткені Статистика бюросы Қазақстанға тұрақты тұруға келген және мемлекеттік органдарға тиісті өтініш бергендерді ғана есепке алады.
Мұны Ішкі істер министрлігінің деректер базасы растап отыр. Дереккөзге сәйкес, 2022 жылы Ішкі істер министрлігінің мамандары шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беуде 24,4 мың қызмет көрсеткен. Бұл ресми санмен сәйкес келеді.
ҚР заңнамасына сәйкес, 2022 жылы Қазақстанға 90 күнге келген ЕАЭО елдерінің азаматы тек ІІМ виза-көші қон порталында немесе халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелуі қажет болған Ұзақ тұрамын дегендері өз шешімін негіздеп, уақытша тұру ықтиярхатына өтініш беруі керек. Енді осы ықтиярхатты 2022 жылы 469,3 мың мигрант алған. Яғни, елде 500 мыңға жуық шетелдік ықтиярхатпен жүр.
Қазақстанда уақытша жүрген шетелдіктердің санын анықтайтын тағы бір фактор – шетелдіктерге берілген ЖСН саны. Былтыр 733,7 мың шетелдікке ЖСН берілген.
Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2011 жылдан 2022 жылдың қазан айына дейін елден 367,1 мың адам кеткен. Еңбекке жарамды эмигранттардың 38% жоғары, 34% орта кәсіптік білімге ие. 2022 жылы эмиграцияның азаюына Ресей мен Украина соғысы әсер еткен.
Биыл шетелдіктердің Қазақстанда тұрақты тұруына рұқсат ресімдеу қағидаларына өзгеріс енгізілді.
Енді шетелдіктерге тұрақты тұруға өтініш берген күні жарамдылық мерзімі кемінде 180 күнтізбелік күнді құрайтын өзінің шетелдік паспортын ұсыну қажет.
Уақытша тұруға рұқсаттар алу үшін тұрғын үй иесінің, оның атынан сенімхат бойынша әрекет ететін адамның баруы не болмаса меншік иесінің нотариалды расталған келісімі қажет.