«Назарбаев Зияткерлік мектептері» басқарма төрағасы ауысты
Әнуар Жанғозин «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жария етті.
«Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің шешімімен Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалдым. Бұл ұйымда 15 жыл бұрын еңбек жолымды бастап, бірегей тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болдым. Алған білімімді кейін түрлі мекемелерде қызмет атқару барысында қолдандым. Енді Зияткерлік мектептерді одан әрі дамытуға бағытталған жұмысқа кірісіп отырмын»,-деді жазбасында, Жанғозин.
Әнуар Жанғозин жазбасында аталған білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесінің мүшелері мен ұстазы, әрі НЗМ бұрынғы басқарма төрағасы Күляш Шәмшидиноваға сенім білдіргені үшін алғыс білдірді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» Астанада Қамқоршылық кеңесінің отырысы өткенін хабарлады.
NIS Қамқоршылық кеңесінің отырысында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының одан әрі дамуы мен стратегиялық басымдықтары талқыланды», делінген хабарламада.