Жаңалықтар

Қазақстанда уран өндіретін «Росатом» санкцияға ілінуі мүмкін бе?

«Росатом» санкцияға іліне ме? shutterstock.com

Өткен аптада еліміздегі 3 ірі уран кеніші акцияларының ресейлік «Росатом» компаниясына берілгені туралы ақпарат тарады. Үкімет қаулысы бойынша қазақстандық 3 уран кәсіпорнының акциясын ресейлік «Ураниум Уан Груп» мемлекеттік компаниясына беру туралы шешім қабылданған. «Ураниум Уан Груп» – Мәскеуде тіркелген компания және ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді.

Үкімет шешімі бойынша:

«Uranium One Netherlands B.V. компаниясына «Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігіндегі қатысу үлесінің 50%-ын «УраниумУанГруп» акционерлік қоғамының пайдасына иеліктен шығаруға рұқсат берілсін.

Uranium One Utrecht B.V. компаниясына «Хорасан-U (Хорасан-У)» бірлескен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігіндегі қатысу үлесінің 30%-ын «Ураниум Уан Груп» акционерлік қоғамының пайдасына иеліктен шығаруға рұқсат берілсін.

Uranium One Rotterdam B.V. компаниясына «Оңтүстік тау-кен-химия компаниясы» бірлескен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі қатысу үлесінің 70%-ын «Ураниум Уан Груп» акционерлік қоғамының пайдасына иеліктен шығаруға рұқсат берілсін», делінген Үкімет қаулысында.

Үкімет мәліметі бойынша, аталған компаниялардың барлығы «Росатом» құрылымына кіретіндіктен бұл топ ішілік мәміле болып саналады. Осыған байланысты мәмілені жүзеге асыру бенефициардың ауысуына, сондай-ақ компания қызметі мен басқару тәсілінің өзгеруіне әсер етпейді.

Соған қарамастан қоғамда алаң бар. Бұл бірінші кезекте «Росатомның» санкция тұзағына іліне бастауымен байланысты. Әзірге жалғыз санкцияны Ұлыбритания салды. Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис Еуроодақтың «Росатомды» санкция тізіміне кіргізбей қойғанына реніш білдірген.

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, ЕО әзірге «Росатомға» санкция салу бойынша ортақ мәмілеге келе алатын емес.

«Мәселе ядролық отынның 40 пайызының РФ-да өндірілетініне байланысты. Ал оларды бір сәтте нарықтан алып тастау Францияда және ресейлік реакторлар орналасқан Шығыс Еуропада күшті тұрақсыздық тудыруы ықтимал. Біздер негізінен жартылай фабрикат өндіретіндіктен және біздегі өндірістің біраз бөлігі РФ-ға тиесілі болғандықтан Қазақстан мен Өзбекстан нарықтағы бос орынды толтыра алмайды. Бірақ ешқандай санкциясыз-ақ «Сименс» компаниясы «Росатомға» КРУЭ негізгі бөлшек құрылымын жеткізуге рұқсат ала алмады. Аталған құрылғы Түркия мен Венгриядағы салынып жатқан станцияларға жеткізілуі керек еді. Бірақ құрылғы мен техникалық құжаттама Ресейдің қолына түседі деп қауіптенген. Енді олардың электр энергиясын бөлістіру блогынсыз станцияны қалай салатыны белгісіз», дейді сарапшы.

Бұған дейін «Росатомның» Қазақстандағы тағы бір олжалы кен орны саналатын «Буденовскоеның» 49 пайыз үлесін сатып алатыны туралы ақпарат тараған болатын. Әзірге «Росатом» мен «Қазатомпром» тарапынан бұл ақпарат расталмаған және жоққа да шығарылмаған.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, «Росатом» біздің уранды өндіруге енді ғана кірісіп жатқан жоқ, олар отандық нарықта бұрыннан жұмыс істейді. Ал топ ішіндегі мәміленің өзгеруі түпкілікті нәтижеге еш әсер етпейді.

«Уран тапсырыспен өндіріледі. Кім өндіреді, сол сатып алады. Ресей өзіне керегін ғана өндіреді. Жалғыз Ресей емес, АҚШ, Канада, Қытай, Жапония, Франция сияқты ірі мемлекеттер Қазақстанда уран өндірісімен айналысады. Сондықтан «Ураниум Уан Груп» ішіндегі мәміленің өзгеруіне алаңдаудың қажеті шамалы. Ертеңгі күні «Росатом» санкцияға ілініп, Қазақстанда уран өндірмей қалып жатса, онда Қазақстан уранын бұрынғыдан азырақ сатады. Болғаны сол», дейді.

Ресми дерек бойынша Қазақстанда әлемдік расталған уран қорының 12 пайызы бар, бұл шамамен 625 мың тонна. Болжам бойынша ресурс 785 мың тоннаға дейін артуы мүмкін.

2021 жылы «Ураниум Уан Груп» Қазақстанда 4,4 мың тонна уран (жалпы өндіріс көлемі – 21,8 мың тонна) өндірген. Яғни үлесі – шамамен 20 пайыз деңгейінде.

Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде көшбасшы ел саналады және жаһандық уран өндірісінің 40 пайыздан астамын береді. Елдегі барлық уран ұңғымаларды жерасты сілтілеу арқылы өндіріледі.