Жаңалықтар

Бала саны 700-ден асқан мектептерде лицензиялы күзет болуы тиіс – министр

ІІМ қай облыстардағы мектептерде күзет жоқ екенін атады. Фото: Офелия Жакаева

Елімізде мектептерді күзету кәсіби емес мамандарға, қарапайым кемпір-шал, «вахтерларға» тапсырылған. Мұны үкімет отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, терроризмге қарсы қорғау жөніндегі нұсқаулық бекітілді. Соған сәйкес, енді 300-ге дейін адам бар мекемелерде бейнебақылау мен жариялау жүйелері болу керек.

«Ал 700 адамға дейінгі объектілер бейнекамераларды жедел басқару орталықтарына қосып, дабыл түймелерін орнатуға тиіс. Адам саны 700-ден асса, бұл ұйымдарда және облыстық орталықтағы мектептерде турникеттер және лицензиясы бар күзетпен жасақталған келісімшарт болуы қажет», – деді министр.

Айтуынша, ІІМ Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, білім беру ұйымдарында кешенді тексеріс жүргізіп жатыр.

«Тексерісті мектептерден бастадық, өйткені барлық мекемелердің 60% – мектептер. Ірі қалаларда олардың көпшілігі дабыл түймелерімен (93%), турникеттермен (73%) және бейнебақылау камераларымен (100%) жабдықталған. Жедел басқару орталықтарына бейнекамераның тек 62% пайызы ғана шығарылған», – деді Ахметжанов.

Министрдің сөзінше, кей облыста жағдай одан да нашар. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында – 24%, Алматы облысында – 35%, Ақтөбе облысында – 41%.

Министрдің сөзінше, 700 адамнан асатын мектептерде радиобайланыс, қызметтік қару, жедел әрекет ету мобильді топ және лицензиялы күзет болуы керек.

«Қазір онымен мектептердің тек 84% пайызы қамтылған (1416 мектептің 1193-і). Ал Солтүстік Қазақстан (42) мен Түркістан (61) облыстарында ешбір мектеп мұндай күзетке алынбаған. Ұлытау облысында – 9% ғана (22-ден 2). Қостанайда – 50% пайыз (59-дан 30). Іс жүзінде, мектептерді күзету кәсіби емес мамандарға, яғни қарапайым кемпір-шал, «вахтерларға» тапсырылған», – деді министр.

Айтуынша, оларда мүмкіндік те, заңмен белгіленген жауапкершілік те жоқ.
Сондай-ақ 2022 жылы полиция 3 195 білім беру нысанында бұзушылықтарды анықтаған.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 7 мыңға жуық білім беру мекемелері тексерілген.

Ақпанның ортасында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Петропавл қаласындағы мектепте болған оқиғаға байланысты министрліктерге тапсырма берген болатын.

Бұған дейін мектепте жасөспірім үш оқушыны жарақаттаған еді.