Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне 2,2 трлн теңгеден астам қаржы жиналса, бұл соманың тең жартысы әйелдерге тиесілі. Қазіргі уақытта Отбасы банкіндегі 1,5 млн жуық депозитті, яки белсенді жинақ шоттардың 68%-ын әйелдер ашқан. Депозит ашып, баспанаға қаражат жинақтау бастамасы көп жағдайда әйелдерге тиесілі.
Отбасы банктің хабарлауынша, қазақстандық қыз-келіншектердің депозитіндегі ең жоғарғы сома -53 млн теңге.
«Орта есеппен алғанда, қазақстандық әйелдер несие алғанға дейін Отбасы банкінде ақшасын 6-10 жыл жинайды. Дені – Алматы, Астана және Шымкент қаласының тұрғындары. Сонымен қатар, банк клиенттерінің балаларының болашағын ойлайтыны да қуантады. Өйткені, қазір банкте 230 мыңға жуық балалар депозиті ашылған», дейді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Банктен несие алушылар арасында әйелдер саны басым (54,7%). Ал пәтер немесе үй сатып алу үшін несие алатын бұрымдылардың негізгі жасы 36-45 жас аралығында.
Отбасы банкінде әйелдерге берілетін несиенің орташа сомасы 11 млн теңгеге тең.
Бұған дейін «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамға операциялардың қосымша түрлерін қосуға лицензия берілген еді.