Былтыр маусым айында қазақстандық KEBCO маркасын нарыққа енгізу еліміздегі мұнай-газ компаниялары үшін тәуекелді азайтуға мүмкіндік берген. Бұл туралы ҚазМұнайГаз басшысы Мағзұм Мырзағалиев АҚШ-та өткен CERAWeek конференциясы аясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде компанияның Ресейге салынған санкция салдарынан бетпе-бет келген қиындықтарын еңсеру тәжірибесі туралы айтып берді.
«Былтыр біз Urals және Brent сұрыпты мұнай маркалары арасындағы спред (дисконт) барреліне 30-40 долларға жеткен жағдайға тап болдық. Бұрын спред барреліне шамамен 1,53–1,23 доллар болатын. Жалпы мұнайдың бағасы жоғары болғанымен, қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылардың мұнайды сатудан алатын нақты табысы әлдеқайда төмен», — деді сессия қатысушыларына М.Мырзағалиев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде KEBCO мұнайының белгіленген бағасы тұрақты. KEBCO мен Brent мұнай сұрыптары арасындағы нарықтағы жеңілдік барреліне 3 долларға жуық.
CERAWeek — бұл S&P Global ақпараттық-талдау компаниясы жыл сайын Хьюстон қаласында (АҚШ) өткізетін энергетика мәселелеріне арналған ең ірі конференция. Биылғы форум «Navigating a Turbulent World: Energy, Climate and Security» тақырыбы бойынша өтті.
Бұған дейін ҚазМұнайГаз өндірістік нәтижелерін жариялаған еді. 2022 жылы ҚМГ өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 2,1%-ға ұлғайып, 22 126 мың тоннаға жетті, оның 62,0%-ы экспортқа шығарылды.