Қазақстанда 849 мың әйел жеке кәсіпті басқарады

Жарияланды (жаңартылды )
Әйел кәсіпкерлерің қатары артып келеді. Фото: kursiv.media

Қазақстанда 849 мың әйел жеке кәсібін дөңгелетіп, басқарып отыр. Бұл еліміздегі жеке кәсіпкерлердің 53 пайызы, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

2023 жылғы 1 ақпандағы мәлімет бойынша, елімізде 10 118 282 әйел болса, оның 6,3 миллионы қалалық жерде, 3,7 миллионы ауылда тұрады. Өңірлер бөлінісінде әйелдер саны бойынша Алматы қаласы (1 157 823), Түркістан (1 040 069) және Алматы облыстары (753 562) көш бастап тұр.

Алдын ала дерек бойынша, қазақстандық қыз-келіншектердің орташа жасы 33,7 жасты құрайды. Айта кетейік, көрсеткіш 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2,6 жылға өскен. Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы карантин болған 2020-2021 жылдардан кейін қайтадан өсе бастап, 78,3 жасты құрады.

Еңбек нарығында 4 302,6 мың әйел жұмыспен қамтылған. Олардың басым көпшілігі білім беру саласында еңбек етеді – 851 мың. Тағы 828 мыңы көтерме немесе бөлшек саудамен айналысады, 451 мыңы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жүр. 401 мың әйел денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында, тағы 328 мыңы өнеркәсіп секторында жұмыс істейді. Тек 74 мың әйел өнер, ойын-сауық және демалыс саласында жұмыс істейді.       

Қазіргі кезде елімізде 1,6 млн жеке кәсіпкер тіркелген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 24,3% артық. Бүкіл ЖК субъектілерінің 93,1%-ы жұмыс істеп тұр, олардың қатары бір жылда 30,7% өсіп, 1,5 млн-ға жеткен.                                                   

Сондай-ақ оқыңыз