Жаңалықтар

Қазақстанда әйелдер ұзақ жасайды, жоғары білім алады, тек саясатқа араласа бермейді

Фото: Kursiv.media

Экономикалық зерттеулер институты әйелдер мерекесі қарсаңында, нәзік жандыларға қатысты стастикалық мәліметтерді жария етті.
2021 жылғы Ұлттық санақ қорытындысы бойынша 35 жастан жоғары жас топтарында ғана әйелдердің үлес салмағы арта бастайды.  35-39 жас тобында әйелдердің үлесі 50,1%-ды,
40-44 жас тобында 51,0%-ды, ал 70 жастан асқан жас топтарында әйелдердің үлес салмағы 66,5%-ға жетеді.
Жас ұлғайған сайын әйелдердің үлес салмағының артуы ерлер мен әйелдердің арасындағы орташа өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылыққа байланысты.  2021 жылғы статистикалық дерекке сәйкес ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 66,3 жасты, әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 74,0 жасты құрады.
Әйелдердің жоғары білім алуға тартылу деңгейі ерлерге қарағанда жоғары. Жоғары оқу орындарының студенттерінің 53,7%-ын, магистранттардың 63,0%-ы әйелдер.  Дегенмен, ғылыми дәреже мен атақ жоғары болған сайын ерлердің үлес салмағы жоғарылайды.
2021 жылғы дерек бойынша ғылым кандидаты дәрежесін алғандардың 63,3%-ы, доцент атағын алғандардың 57,8%-ы әйелдер. Ал ғылым докторы дәрежесін алғандардың 46,0%-ы, профессор атағын алғандардың 39,8%-ы – әйелдер.
Еңбек нарығында ерлерге қарағанда әйелдердің үлес салмағы төменірек. Халық санындағы еңбек күшінде ерлердің үлесі – 75,4%, әйелдердің үлесі – 63,9%.
Жұмыссыздықтың деңгейі әйелдер арасында – 5,5%,
ерлер арасында – 4,2%.

Биліктің атқарушы, өкілді органдарда, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі төмендегідей:
Парламентте (Мәжіліс) –27,4%,
Мәслихатта (барлық деңгейлер) – 30,5%,
мемлекеттік секторда –39,0%,
квазимемлекеттік секторда (ұлттық компаниялар) – 37,3%.

Ұлттық статистика бюросы елімізде қанша әйел жеке кәсіппен айналысатынын жария еткен болатын.