Жаңалықтар

2023 жылы арнаулы салық режимінде қандай өзгерістер бар?

Салық төлеу тәртібі өзгерді. Фото: shutterstock.com

Жекелеген салық түрлері мен бюджетке төленетін міндетті төлемдердің кейбірі басқаша есептелетін арнаулы салық режимі болады. Есеп тапсырғанда кезде салық төлеушілер осы режим бойынша бөлек категория бойынша өткізеді. Бүгінгі материалымызда 2023 жылы шағын бизнес иелері білуге тиіс өзгерістер туралы айтамыз.   

Жеке кәсіпкерлер енді салықты қалай төлейді?

2023 жылы жеке кәсіпкерлер үшін үш жылға созылған салық жеңілдігі тәмамдалды. Соның ішінде бұл арнаулы салық режиміндегі патент, жеңілдетілген декларация және ауылшаруашылық өндірушілеріне арналған бекітілген есепке қатысты. Есіңізде болса, 2020 жыл мен 2023 жыл аралығында арнаулы салық режимін пайдаланған кәсіпкерлер кәсіпкерлік қызметке қатысты табыс салығын төлеуден босатылған еді. Яғни жеке табыс салығы, әлеуметтік салық және бірыңғай жер салығын төлемеуге құқылы болды. Осылайша үш жыл бойы кәсіпкерлердің тапқан табысынан салық ұсталмады.

Фото: shutterstock.com

Бір айта кетерлігі, бекітілген талаптарды сақтағандар ғана босатылды. Оның ішінде микро және шағын бизнес және белгіленген арнаулы салық режимі түрлері аясында жұмыс істегендерге ғана қатысты болған еді. Жалпы белгіленген тәртіп бойынша қызмет көрсететін жеке кәсіпкерліктерге бұл жеңілдік болмаған. Әрі салықтан босатылу үшін кәсіпкерліктің қай түрімен айналысқаныңыз да маңызды еді. Мәселен, сыртқы экономикалық қызметке жеңілдік қарастырылмады. Ал енді 2023 жылдың басынан бастап кәсіпкерлер қайтадан салық режимінде көрсетілген мөлшер бойынша салық төлеуге тиіс. Мысалы, патент болса — табысынан 1 пайыз, жеңілдетілген декларация бойынша болса — тапқанынан 3 пайыз төлеуге міндеттеледі. 

Есіңізде болсын, 2023 жылға патентті 2022 жылы алуға өтінім берсе де, табыстан 1 пайыз төлеу керек. Өйткені патент жеңілдік мерзімі өткен кезеңге алынып жатыр. Сонымен бірге 910.00 форма бойынша 2022 жылдың екінші жартысына жеңілдетілген декларация бойынша есеп тапсырғанда кәсіпкер жеке табыс салығы мен әлеуметтік салыққа қатысты жеңілдік алуға құқылы. Яғни декларация 2023 жылы тапсырылса да, 2022 жылғы міндеттемелер бойынша қабылданады. Ал 2023 жылғы қызметтен түскен табыстан ұсталатын мөлшер салық режиміне байланысты төленеді.

Маркетиң қызметін ұсыну жайлы

Биыл Салық кодексіне жасалған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде маркетиң қызметін ұсынатын шағын бизнес иелеріне арнаулы салық режимдерін (АСР) қолдануға шек қойылды. Бұл норма бүгінде күшіне енді. Маркетиң қызметіне не кіреді? Ол дегеніміз — тауар, жұмыс, қызметтердің сипаттамасын, бағалау және жарнама стратегиясын құру, сондай-ақ, олардың өндірісі мен айналымына анализ жасап, жоспарлау сынды қызметтер ұсыну. Жаңа нормаға сәйкес, енді осындай қызметтер көрсететін салық төлеушілер шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдана алмайды.

Сауда объектісін жалға беруге қатысты

1 қаңтардан бастап АСР қолдануға құқығы шектелгендер қатарында сауда объектілерін жалға немесе қосалға жалға беретіндер де бар. Атап айтқанда:

  • сауда базарларын жалға беру және пайдалану бойынша (ЭҚЖЖ 68203 сауда нарығын жалға беру және пайдалану);
  • 1, 2, 3-санаттағы сауда объектілерін (сауда базарлары, стационарлық сауда объектілері), сондай-ақ олардың аумағындағы сауда орындарын, сауда объектілері мен қоғамдық тамақтану объектілерін қосалқы жалға беретін салық төлеушілердің шағын бизнес субъектілері үшін АСР (арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, патент, тіркелген шегерімді пайдалана отырып оңайлатылған декларацияны)қолдануға құқығы жоқ.

Бұл шектеу тек сауда орындарына қатысты. Яғни үй-жайы бар, бірақ ол жерде сауда жүрмейтін болса, сізге мұның қатысы жоқ. Әрі негізгі шектеулер үй-жайларды қосалқы жалға беруге қолданылады. Жоғарыда атап өткен 1,2 және 3-санаттағы сауда объектілерінің қатарында қандай нысандар барына тоқталайық. Сауда алаңы 500 шаршы метрден астам және «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағында белгіленген қалған шарттарға сәйкес келетін барлық сауда үй-жайы осы категорияға кіреді. Аты айтып тұрғандай, сауда алаңында белгілі бір тауарлар сатылады, сатып алушыларға қызмет көрсетіледі, сәйкесінше ақшалай есеп айырысу жүреді. Мұнда сауда жасауға қажет арнайы жабдық қойылады. Демек, үй-жайды не оның бөліктерін қосалқы жалға беріп отырған болсаңыз, арнаулы салық режимін қолдана алмайсыз деген сөз. Осы ретте мұндай объектілердің аумағында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге (қосалқы жалға беруді қоспағанда) бұл шектеулер қолданылмайтынын атап өткен жөн.

Қонақүй қызметтері туралы

Жыл басынан бері шағын бизнес субъектілері екі және одан көп салық төлеушілердің бір қонақүйдің немесе қонақүй қызметтері көрсетілетін жеке тұрған тұрғын емес ғимараттың аумағында осындай қызметтерді көрсету саласындағы қызметін жүзеге асыратын тұлғалар АСР қолдана алмайтын болды.

Арнаулы мобайл қолданба пайдаланылатын АСР-ге қатысты өзгерістер

Арнаулы мобайл қолданбаны пайдаланып, салық режиміне көшуге рұқсат берілетін уақыт та белгіленді. Аталған қолданбада АСР қолданылатын немесе қосылған құн салығын төлемейтін және жұмыс не қызмет алатын сатып алушы яки клиент емесін көрсететін, жеңілдетілген декларация негізінде есеп тапсыратын жеке кәсіпкер екенін растайтын құжат ретінде чек шығарылады. Сонымен бірге сол чектің ішіндегі мазмұнында да өзгеріс бар. Атап айтқанда, арнаулы мобайл қолданбада жүзеге асырылып жатқан тауар категориясы көрсетілетін болды. Ал енді тауар категориясына функциялық бағыты бойынша біріктірілген тауарлар тобы кірді. 

Айта кететін келесі толықтыру жеңілдетілген декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерліктерге қатысты. Олар екінші деңгейлі банкті немесе банк операцияларының жекелей түрлерін іске асырып жүрген ұйымдарды, арнаулы мобайл қолданба чектерін шығаратын электрон алаң операторларын да таңдауға ерікті. Арнаулы салық режимін жеңілдетілген декларация негізінде қолданып жүрген жеке кәсіпкерліктер чек беру үшін арнаулы мобайл қолданбаны қолдануына болады. 

Тағы кімдер арнаулы салық режимін қолдана алмайды?

  • Акцизделетін тауарлар сататындар;
  • Акцизделетін тауарларды сақтайтын және көтерме саудада өткізетіндер;
  • Бензин, дизель отыны, мазут сататындар;
  • Лотерея ұйымдастырып, өткізетіндер;
  • Жер қойнауын пайдаланушылар;
  • Шыны ыдыстарды жинап, қабылдаушылар;
  • Консультация беретіндер;
  • Бухгалтерлік есеп пен аудит жүргізетіндер.