Жаңалықтар

Елімізде сотталған 2 мыңнан астам адам жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеуі мүмкін

Алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеуі мүмкін. Фото: shutterstock.com

Алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеуі мүмкін. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

Сенатта «Қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, заң жобасы адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын іске асыру үшін әзірленді.

«Қылмыстық кодекстің 75-бабына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау кезінде – сотталған адамда ауыр сырқат болған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдану мүмкіндігін беретін норма енгізіледі», – деді министр.

Осылайша, ол азаматтық медициналық мекемелерде жедел ем алуға мүмкіндік алады. Қазір бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды осы негіз бойынша босату туралы норма қолданылады.

Заң жобасы бойынша түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелдердердің жанында баласы 4 жасқа толғанша қалады.

«Қылмыстық-атқару кодексінде сотталған әйелдердің балаларымен үш жасқа толғанға дейін колонияларда болуы көзделген. Елімізде осындай 1 колония бар. Ол Алматы облысының Жауғашты кентінде орналасқан», – деді ішкі істер министрі.

Ол жерде бүлдіршіндер Балалар үйіне орналастырылады. Әйелдер олармен шектеусіз, жұмыстан бос уақытта көріседі.

«Алайда үш жасқа толғаннан кейін балалар жақын туыстарына немесе балалар үйлеріне беріледі. Әлеуметтік байланыстарды сақтау мақсатында сотталған әйелдерге, егер аналардың босатылуына дейін бір жылдан аз уақыт қалса, 4 жасқа дейінгі балаларды қалдыруға мүмкіндік беретін норма көзделеді», – деді министр.

Сондай-ақ алғаш рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын орташа қауіпсіз мекемеде (жалпы режим) өтейтін болады.

«Бұрын сотталғандар қауіпсіздігі барынша жоғары колонияларда (қатаң режим) ұсталатын. Осыған байланысты мекемелерді біртіндеп қайта бейіндеу есебінен мұндай мекеме саны 12-ге жетеді. Барлық өңірде 2 типті колониялар болады. Бұл 2 мыңнан астам сотталғанның тұрғылықты жері бойынша жазасын өтеу және әлеуметтік-пайдалы байланыстарын қолдау құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл құқықтық тәртіпті қалыптастыруға тәрбиелік ықпал ету шараларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», – деді министр.

Елде өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстауға арналған 1 мекеме қалады.