Жаңалықтар

Пияз экспортына салынған тыйымды алып тастау сұралып отыр

Фото: Kursiv.media


Қазақстан жуа өсірушілері экспортқа қойылған тыйымды алып тастауды сұрап, Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Олар ішкі нарыққа жуа жететінін, ал артығы шіріп жатқанын айтқан. Үкіметтен шұғыл түрде нарыққа қанша мөлшерде жуа керегін есептеп, артығын сыртқа сатуға рұқсат етуді талап еткен. Бұл жайлы Атамекен Ұлттық палатасы хабарлады.

Ұлттық палатаға Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының кәсіпкерлері жүгінген. «Алтай» ЖШС басшысы Нұрлан Нұрбековтың айтуынша, көктемгі егіс науқаны жақындап қалды, алайда былтырғы жуа әлі түгел сатылмағандықтан тұқым алуға қаржы жоқ. Оның үстіне жуа ұзаққа шыдамайтын өнім – бұзылса, шығынын ешкім өтемейді.

«Қазір біз алыпсатарларға 1 кг жуаны 150 теңгеден жеткізуіміз керек. Ал олар оны 300 теңгеден артық бағамен сатады. Сонда алыпсатарлар, тіпті логистикалық шығындарды шегергенде де, 1 кг-нан 120-130 теңгеден пайда табады. Ал жуаны өсіретіндерге егінге дайындалуға және келесі маусымға тұқым алуға ақша қалмайды», деп шағымданды Нұрлан Нұрбеков.

Кәсіпкерлердің айтуынша, ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің қызметі іс жүзінде ірі бөлшек саудагерлердің мүдделеріне жұмсалады. Ал нарыққа өнім жеткізу мен бағаны ұстап тұрудың ауырлығы тек өндірушілерге түседі.
Сондай-ақ, фермерлер жағдай реттелмесе, алдағы уақытта жуа өсірмеуі мүмкін. Ал, бұл халыққа әлеуметтік маңызы бар тауар екенін ескерсек, нарыққа айтарлықтай қауіп төніп тұр.
«Біз онсыз да жыл сайын биліктің «ығына жығылып» тауардың бір бөлігін төмен бағамен сатамыз. Дәл осылай жалғасса, тыйым алынбаса, келесі жылға жуа еге алмаймыз», деді кәсіпкер.
Сонымен қатар, Нұрлан Нұрбеков Қырғызстан жуа экспортына Қазақстаннан кеш тыйым салса да, қазір алып тастағанын атап өтті.

«Қырғызстан тыйымды бізден кейін қойды. Бірақ қазір алып тастады. Пиязды сонша уақыт сақтай алмайтынын, одан диқандар зардап шегетінін түсініп отыр», – деп қосты ол.

Еске салайық, уәкілетті мемлекеттік органдар 2023 жылдың қаңтарында пиязды шетелге шығаруға тыйым салған болатын.