Саяси қызметшіні сенімді жоғалтқанына орай жұмыстан босату институты енгізіледі

Жарияланды
Астанадағы министрлер  үйі
Фото: Kursiv.media

Сенатта саяси қызметшіні сенімді жоғалтуына байланысты қызметінен босатуға мүмкіндік беретін заң талқыланды. Атап айтқанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.
Бұл заңда мемлекеттік қызметкерлердің артық жұмыс уақыты үшін, мемлекеттік органдардың айыппүл төлеу, ротациялық төлем және тағы басқа нормалар қарастырылған.

«Мемлекет «келісімшартты қызметшілер» ұғымын заңнамаға енгізуді ұсынып отыр. Алайда олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезінде арнаулы білім бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаев.

Сондай-ақ ротациялық төлемді енгізу көзделген. Дархан жазықбаевтың айтуынша, оның мақсаты – өңірлер арасында тәжірибе алмасу, қызметішінің тәрбиесін жан-жақты жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.

«Қолданыстағы заңға сәйкес, өзге өңірлерге ротацияланатын қызметшіге үй берілуге тиіс. Алайда қызметтік пәтерлер жетпегендіктен, ротациялық қызметкерлер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Бұл көптеген қызметкердің ротациядан бас тартуына алып келеді. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Сенат отырысында.

Заң жобасында мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған.
«Мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін нақты тәртібі агенттіктің тиісті бұйрығында белгіленеді», – деді агенттік төрағасы.
Мемлекеттік басқару академиясының түлектерінің міндетті жұмыс өтеу тәртібіне өзгеріс енгізіледі. Оған сәйкес, академия түлегі жалпы мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеуі арқылы білімін өтейтін болады.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметте басшы мен орындаушы санын өзгерту көзделген. Қазір әр мемлекеттік орган штат кестесін өзі бекітеді. Алайда басшы мен орындаушылар саны реттелмеген.
«Бір басшыға 1-2 орындаушыдан келетін жағдай кездеседі. Кей органда басшы саны орындаушыдан да асып түседі», – деді ол.
Жалақы үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс өтілін есептеу тәртібін бекіту агенттікке беру қарастырылған.

«Саяси қызметшіні сенім жоғалтуына орай жұмыстан босатуға қатысты толықтыру енгізу көзделген. Заңға сәйкес, саяси қызметші саяси қызметті іске асыруға жауапты. Осыған орай президент әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілетін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні сенім жоғалтуына орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай шешімді тек мемлекет басшысы қабылдайды», – деді агенттік төрағасы.

Депутаттар заң жобасын қолдады.
«Президент мемлекеттік қызметте реформалар жүргізу туралы нақты тапсырма берді. Осы заң арқылы «келісімшарттық қызметшілер» институты енгізіледі. Бұл мемлекеттік қызметтің икемділігін қосымша қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік саяси қызметшілердің қызметін тоқтату негізі айқындалады. Заңда мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалауға, ротация қызметін жетілдіруге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған ережелер де бар», – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сенат қолдаған заң Президенттің қол қоюына жолданады.

Сондай-ақ оқыңыз