2022 жылы жалпы көлемі 125,1 трлн теңге сомаға 8,8 млрд операция жүргізілді
Қазақстандықтар цифрлық банкинг арқылы күн сайын 15,2 миллионнан астам операция жүргізеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның төлем карточкалары нарығы белсенді өсу динамикасын көрсетуде. 2022 жылы төлем карточкаларын қолданушылар қазақстандық банктер эмиссиялаған төлем карточкаларын пайдалана отырып 125,1 трлн теңгеге 8,8 млрд операция жүргізді.
Осыған ұқсас қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің де өсуі байқалады. 2022 жылы жеке тұлғалар қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып 103,8 трлн теңгеге қолма-қол ақшасыз 8,6 млрд операция жүргізді. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,4 есе көп.
Қазақстандықтар қолма-қол ақшаны мейлінше аз алатын болған. Мәселен, 2022 жылы төлем карточкаларын қолданушылар 21,4 трлн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырды. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 6,2%-ға аз.
Халық арасында қолма-қол ақшасыз операция жүргізуде сұранысқа ие тәсіл – интернет және мобильді банкинг. Қолма-қол ақшасыз орындалған он операцияның сегізі онлайн-режимде жүзеге асырылады.
2022 жылы қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы құрылымындағы онлайн операциялардың үлесі бойынша 64,6% және көлемі жағынан 82,5% болғанын атап өткен жөн. Күн сайын қазақстандықтар 234,7 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық банкинг арқылы орта есеппен 15,2 миллионнан астам операция жүргізді.
2022 жылдың соңында онлайн және мобильді банкингті белсенді пайдаланушылардың саны 22,9 млн адамды құрады (2021 жылмен салыстырғанда шамамен 20%-ға көп).
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, пайдаланылған төлем карточкаларының жалпы саны 33,4 млн бірлікті құрады (2021 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп).
Өңірлер бөлігінде төлем карточкаларының эмиссиясы бойынша Алматы қаласында карточкалар көп шығарылды (22,6%-ға өсті). Түркістан облысында 17,0%-ға, Алматы облысында 14,0%-ға өсу байқалады. Шымкент қаласында айналымдағы төлем карточкаларының саны 1,6%-ға төмендеді.
Төлем карточкаларын пайдалана отырып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге арналған инфрақұрылым да айтарлықтай кеңейгенін атап өткен жөн. Төлем карточкаларын төлеуге қабылдайтын сауда кәсіпорындарының саны 567 687 кәсіпорынға дейін 2 еседен астам мөлшерге өсті.