АШМ биыл алғаш рет көктемді егіс жұмыстарына көлемді қаржы бөлу мәселесін пысықтап отыр. Сонымен қатар, егістік алқаптарын әртараптандыру да қолға алынады.
Атап айтқанда, ылғалды көп қажет ететін егістіктерді азайту мақсатында, биыл Үкімет мақта алқаптарын қысартуды жоспарлап отыр. Бұлайша мақта алқаптарының азаюына былтырғы биржадағы жағдай себеп болған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді.
Оның дерегінше, өткен жылы 330 мың тоннадан астам мақта жиналды. Бірақ өткен жылы Ливерпуль биржасында мақта бағасының төмен болуына мақта дауы туындаған. Соның салдарынан былтырғы өнімін әлі күнге дейін өткізе алмай жатқан шаруалар бар.
«Сонымен бірге мақта зауыттары 560 млн теңгедей көлемде дихандарға қарыз. Зауыттар қазіргі таңда сол қарыздарын мақташыларға өтеп жатыр. Олар 10 наурызға дейін қарызды толық жабамыз деп уәде берген. Міне, осы себептермен яғни былтыр бағаның болмауына байланысты диханшылар мақта егуден өздері бас тартып жатыр», деді вице-министр.
Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ылғалды көп қажет ететін егістік алқаптарын диверсификациялау арқылы азайту мәселесі қарастырылып жатыр.
«Мақта алқаптарын 14.8 мың гектарға азайюы болжанып отыр. Оның жалпы аумағы биыл 111.4 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан күріш алаңдарын өткен жылмен салыстырғанда 7.6 мың гектарға ұлғаюы байқалады. Жалпы, астық, көкөніс, бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деді Әбілхайыр Тамабек.
Сонымен қатар, АШМ дерегінше, Түркістан облысындағы мақта алқаптарынының бір бөлігін жүгері алқаптарына ауыстыру туралы мәселе қарастырылып жатыр. Ол жерге потенциалды инвесторлар тартылған.
Сондай-ақ вице-министр көктемгі дала жұмыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінгенін айтты. Бұл өткен жылғыдан 13 мың тоннаға артық. Қазіргі таңда өңірлік операторлар 79.6 мың тонна отынның 98 пайызына төлем жасаған. Оның 69 пайызы облыстарға жөнелтіліп үлгерді. Бүгінгі таңда мнистрлік отынның дұрыс тасымалдануын қадағалап, күнде мониторинг жүргізіп жатқанын айтты.
Ал облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша тұқым құю жоспары 100 пайыз жүзеге асырылған.
«Фермерлер биыл 2.4 миллион тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырса, сараптамаға 1.4 миллион тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түскен. Тексерілген тұқым көлемінің 99.7 пайызы кондицияланған деп танылған. Сондай-ақ 93,4 пайызы себу стандартының бірінші және екінші кластарына сәйкес келеді. Сонымен қатар өңірлердегі қоймаларда тұқым қоры қалыптастырылған. 2023 жылға обылстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11.4 млрд теңге жұмсау көзделген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша соңғы он жылда алғаш рет тыңайтқыштар енгізу 667 мың тоннаға жетті», деген вице-министр әр өңірге тыңайтқыштар жөнелтілгенін айтты.
Жалпы тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына биыл 31.3 млрд теңге қарастырылған екен. Ал ауылшаруышылығы дақылдарын зиянды организмдер мен арамшөптерден қорғау үшін биыл пестицидтарды субсидиялау бағдарламасына 32.6 млрд теңге бөлініпті. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап, алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталған.
Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастап кеткен екен.
«Агралық кредитік корпорация жыл сайын көктемгі дала жұмыстары кезінде аграрлық өнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландырып отырады. Осы жылы белгіленген мақсаттарға 140 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсау жоспарланып отыр. Бұл қаражат өткен жылғыдан екі есе көп. Біз биыл 3200 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін шаруаны қаржыландырамыз. Оның ішінде 320 шаруа жаңадан қосылды. Осылайша біз бұл қаржыландыруға 2 млн гектарға жуық жерді қамти аламыз. Қазіргі таңда 3881 ауыл шараушылығы тауарын өндіретін шаруалардан өтініш кеп түсті. Оның ішінде 847 шаруа 30.6 млрд теңгеге қаржыландырылды», деді. Аграрлық кредиттік корпорация АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев.
Сонымен бірге Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы да биыл қаржыландыру жалғаса түспек. Азық-түлік корпорациясы салаға 55 млрд теңге бөлген. Оның 20 млрд форвардық сатып алу бағдарламасы бойынша жүзеге асырылса, 35 млрд теңге тауарлық несие беру есебінен жүргізіледі.
Шаруаларға кредит беру кредиттік серіктестіктер, екінші дәрежелі банктер және басқа да қаржылық институттар арқылы жүргізіліп жатыр. Ал кредиттің пайыздық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайды. Биыл қарыз төлеу уақыты ды ұзартылған екен. Фермерлер кредит берешегін 2024 жылдың 1 наурызына дейін төлей алады. Бұл фермерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін ұтымды бағада сатуға мүкіндік бермек.
Министрлік өкілі барлық қиындықтарды жедел шешу үшін министрлік жанынан барлық қажетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-облыстар мен қалалар әкімдер мен орынбасарларын тарта отырып жедел штаб құрылғанын, бұл шаралар егіс науқанын сапалы және оңтайлы агротехнологиялық мерзімде жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Ал егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов: «Біз әдетте жыл сайын экспортқа 6-7 млн тонна бидай жібереміз.1.5-2 млн тонна ұн экспорттаймыз. Өткен жыл біз үшін берекелі болды. Экспорттауда рекордтық көрсеткіштерге жеттік. Биыл да біздің экспорттық потенциалымыз сол деңгейде болады деп болжанып отыр. Бидайсыз қалмаймыз», деді.