Банк пен қаржы

30/70 ипотекалық бағдарламасын рәсімдеу үшін нені білуіміз керек?

Жаңа бағдарлама туралы не білеміз? Фото: shutterstock.com

Қазақстанда Жаңа жылдан бастап 30/70 ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Бұл бағдарлама аясында «Отбасы банк» салымшыларының пәтер алуға мүмкіндігі бары барлық жерде айтылып жатыр. Бірақ кейбір салымшылар оның аталған банкке қатысы жоқ екенін айтады. «Курсив» тілшісі бұл сөздің қайдан және қалай шыққанын тұтынушы ретінде анықтап көруге тырысты.

Желіде 30/70 ипотекалық бағдарламасы аясында «Отбасы банк» салымшыларының пәтер алуға болатындығы туралы жазбаның пікірлер топтамасында кейбір адамдар «аталған банкке барғанын, бірақ оларда бұл бағдарлама бойынша қызмет көрсетілмейтінін айтқанын» жеткізген.

Мұны анықтау үшін біз Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы «Отбасы банк» бөлімшесіне бас сұқтық. Кіре берістегі анықтама бөліміндегі қызға осы сауалды қойдық.

– Жоқ, 30/70 ипотекалық бағдарламасының біздің банкке қатысы жоқ, бізде тек 50/50 бағдарламасы бойынша ғана пәтер сатып ала аласыздар, – деген жауапты естідік.

Бұл кеш мезгілі болған, Алматыдағы бас кеңсесіне баруды жөн деп таптық. Алматыда «Отбасы банктің» клиенттерге қызмет көрсету орталығы Сейфуллин-Бөгенбай батыр көшелері қиылысында. Талон алып, 16-кассадағы менеджердің алдынан толық ақпарат алдық.

Алдымызға парақ ұсынылды. Онда Алматы қаласы бойынша төрт құрылыс компаниясы (Qazaq story, BI Group, Atamura Group және Sensata Construction) және олардың 30/70 ипотекалық бағдарламасы аясында сату үшін салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің мекен-жайына дейін көрсетілген.

– Осы құрылыс компанияларына хабарласып, таңдағаныңызға барасыз. Ол арада пәтер жайлы толық ақпарат беріледі. Содан таңдаған, ұнатқан пәтердің құрылыс басына барып көрсеңіз де болады. Ақырында таңдау жасап, бір пәтерге тоқталғанда олар келісімшарт әзірлеп, оны Сіздің қолыңызға ұстатады. Соны бізге алып келесіз. Ал ол қағаз сол пәтерге ипотекалық несие бөлу үшін беріледі. Бұл арада пәтердің құнын шамалап көрсетуге болмайды. Кейбіреулер сөйтіп, қателесіп жатады. Соңғы көрсеткен тиынына дейін айтасыз. Мысалы 18 млн теңге деген дөңгелек сан бұл арада болмайды, олардың қағазында 18 млн 200 мың 300 теңге 35 тиын деп те көрсетілуі мүмкін. Көрдіңіз бе, ұқтыңыз ба?..

– Содан соң Сіздер ипотекалық несие рәсімдейсіздер, болды ғой?..

– Кейбіреулер пәтерді таңдаған соң, құрылыс компаниясына брон жасап кетіп жатады. Бұл дұрыс емес. Брон жасап, олардың жұмысына кедергі келтіруге болмайды. Өйткені ипотекалық несие сол мезетте беріледі ме, берілмейді ме, екі тарап та білмейді оны. Ал салымшы оны біледі, яғни ол өз басындағы жағдайдан қанық қой. Көбіне мәселе осы араға келгенде туындап жатады…

– Қандай мәселе?

– Біздің банк тұтынушының төлем қабілетіне қатаң қарайды. Яғни, ол сол ипотекалық несиені жабуға қабілетті екенін дәлдедеуі тиіс. Ол үшін, біріншіден, жалақысы ресми болуы тиіс. Кейбір адамдарда жалақысы ресми көрсетілмеген, содан олар бұл талапты орындай алмай қалып жатады. Екіншіден, басында өзге несиесі болмауы тиіс. Ол да төлем қабілетін бағалауда теріс әсер етеді.

– Несие емес, бөліп төлейтін қарыздары (расрочкасы) болса ше?

– Ол да несие деп саналады. Жалпы, несие тарихы таза болғаны дұрыс.

– Мысалы, шамамен 20 млн теңгенің пәтерін алды делік. Ресми жалақысы ол адамның қанша болуы керек?

– 300 мың, ары кеткенде 400 мың теңге. Егер ерлі-зайыпты болса,150-200 мың теңгеден сонда. Не болмаса ресми жалақысы бар басқа бір адамды кепіл ретінде тарта алады, яғни «созаемщик» қылып. 

– Брон жасауға болмайды дедіңіз ғой. Осындай мәселе туындауы ықтимал деген қауіптен бе?

– Иә. Мысалы, ресми жалақысы келіп тұр, тек басындағы өзге несиесін жабу керек болады ол адамға. Бірақ несиені жабу үшін ол қарыз ала алмайды, ол таза тұруы тиіс. Содан белгілі бір уақыттағы айлығын жинап, ол несиесін жауып алмақшы болады. Мысалы, арада алты ай өтеді делік. Содан қайтып келгенде нарықта алдында ол кісіге ұсынған үйлер болмайды. Ол кезде тіпті, басқа компания, басқа құрылыс нысандарын ұсынып жатуы мүмкін. Көбіне, брондаған жағдайда да олар (құрылыс компаниясы – авт) ары кеткенде 2 апта күтеді, одан соң тұтынушы шығып жатса, пәтерді сата береді.

Бұдан шығатын қорытынды:

– Алдыңыздағы менеджер адал әрі сауатты болуы керек, яғни менеджер таңдауда қателеспеген жөн;

– Ипотекаға үй алатын ойыңыз болса, онда алдын ала қам жасап жүріңіз, содан соң банкке бір-ақ бару керек. Атап айтқанда, басыңыздағы барлық кредиттерден арылу шарт. Екіншіден, ресми жалақыңызды тексеріңіз. Қанша жетпей тұр, қараңыз, зерттеңіз. Жетпесе «созаещик» болатын адам іздеңіз.

– Банкке ай сайын жинақ салуды ұмытпаңыз. Ақшаны (аз көлемде болса да) үзбей салып тұру, ипотекалық несиені бөлу кезінде артықшылық ретінде саналады.

Қосымша ақпарат:

– тұрғылықты мекен-жайыңыз туралы ақпарат сұралмайды;

– қай қаладан үй аламын десеңіз, шектеу жоқ;

– үй кезегінде тұрған-тұрмағандығыңыз, сондай-ақ атыңызда үйдің бар-жоғы маңызды емес,

– қосымша кепілді қажет етпейді,

– зейнетақы төлемінің соңғы алты айы ескеріледі, ЖК-сы (ИП) барлардың соңғы бір жылдағы декларациясы тексеріледі.

– 30 пайыз дегенде, мысалы Алматыда бір бөлмелі пәтер үшін кем дегенде 5,2-6 млн теңге, екі бөлмелі пәтер үшін 8-9 млн теңге алғашқы жарнаңыз болуы тиіс.

Ипотека шарттары:

– Бастапқы жарна – 30%;

– Пайыздық мөлшерлемесі – алғашқы үш жылда 7%, кейін 3,5% болады;

– Пәтерді тек бастапқы нарықтан немесе салынып жатқан тұрғын үйден үлесті қатысу арқылы алуға болады;

– Несие сомасы – 90 миллион теңгеге дейін;

– Несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Құрылыс компаниясына қатысты аз-кем мәлімет:

Бізге көрсетілген төрт компанияның үшеуі салынып біткен үйден пәтер ұсынса, ал бірі салынатын тұрғын үй ұсынады. Соңғысы салынып жатқандықтан, басқа үйді қосымша кепіл ретінде қоюды қажет етеді. Яғни, бұл талаптың алдыңғы үш компанияға еш қатысы жоқ. Ал кепіл үйдің құны ипотека сомасының кемінде 70 пайызын жабуға тиіс және салынған мерзімі кірпіш үй болса – 60 жылдан, панельдік үй болса, 50 жылдан аспауы керек. Ол қарыз алушының немесе кепілгердің атында болуы мүмкін.