Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылы жүргізген әлеуметтанушылық зерттеуге сәйкес қаржы жүйесіндегі құқық бұзушылықтардың кеңінен таралған түрі – алаяқтық. Бұл туралы fingramota.kz сайты хабарлады.
Зерттеу көрсеткендей, алаяқтардың жиі қолданатын схемалары – бұл фишингтік сайттар мен мобильдік қосымшаларда жалған хабарламалар жіберу арқылы дербес деректерді ұрлау; мобильдік құрылғыдағы жеке кабинетке кіру мақсатында азаматтарды алдаумен өздерін қаржы ұйымдарының қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде көрсету.
Зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 55,8%-ы қаржылық алаяқтыққа, оның ішінде 34,2%- ы телефон алаяқтығына (вишинг), 32,7%-ы интернет-алаяқтыққа (фишинг) тап болғаны анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың 21,6%-ы қаржы пирамидалары тарапынан, ал 11,5%-ы төлем карталарымен алаяқтық әрекеттердің қатысушылары болған.
Қаржылық алаяқтыққа ұшырауға бейім негізгі тәуекел тобы – зейнет жасындағы адамдар. 63 жастан асқан сауалнамаға қатысқандардың 50,7%-ы алаяқтықты бірден ажырата алмаған, оның ішінде 6,3%-ы қылмыскерлерге жартылай ақпарат берген және ешқашан қылмыскер телефон соққан ұйымның деректеріне нақтыламаған.
Азаматтарды алдау үшін алаяқтардың қолданатын құралдар жиыны жеткілікті. Олар әлеуетті құрбандарға телефон соғып шығу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтылымды (SIP-телефонияны) пайдаланады.
Ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін алаяқтар алдына ала келісілген адамдарды тартады, олар өздерінің аңғалдығының салдарынан және оңай жолмен ақша табу мақсатында алаяқтардың айла-шарғыларына көнеді. Бұл ретте, тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде құқық қорғау органдары бірінші кезекте осындай адамдарға шығатындарын еске саламыз.
Егер сіз алаяқтарға ақша аударған болсаңыз не істеу керек?
Ең алдымен, сізге банкке хабарласып, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатынын білу керек. Егер қаражат әлі аударылып жатқан болса, онда операцияны тоқтатуға болады. Соңғы операцияны қайтару туралы өтініш жазыңыз. Банктердің қаражатты қайтаруы немесе соңғы операцияны тоқтатуы бірнеше сағаттан 60 күнге дейін жүзеге асырылады.
Егер аударым іске асырылған болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Құқық қорғау органдары азаматтарды жәбірленуші деп таныған жағдайда, олар ҚР АК 9-бабына сәйкес үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттері бойынша сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ, банктердің техникалық төлемдері жақсы қорғалғанын есте сақтаңыз. Алаяқтар банктердің техникалық қауіпсіздігін бұзуға емес, азаматтардың сеніміне кіруге баса назар аударады. Шоттарыңыздағы барлық операцияларды бақылау үшін мобильдік банкті және SMS-хабарламаларды қосып алыңыз. Осылайша сіз алаяқтардың әрекеттеріне жылдам жауап бере аласыз — мұндайда уақытты өткізіп алмау өте маңызды.
Өзіңізбен бірге алып жүретін және күнделікті шығындар үшін пайдаланатын картада көп ақша сақтамаңыз. Қажет болған жағдайда негізгі шоттан немесе депозиттен аударым жасаған дұрыс. Оның үстіне, банктердегі ішкі операциялардың көпшілігі тегін.
Алаяқтар сіздің атыңызға жалған кредит ресімдеген жағдайда не істеу қажет?
Егер сіздің дербес және төлем деректеріңіз киберқылмыскерлердің қолына түскен жағдайда, олар сіздің онлайн- немесе мобильдік банкингіңізді бұзып, алаяқтық тәсілмен кредит ресімдеулері мүмкін. Атыңызға заңсыз кредит ресімделу фактісін кредиттік тарихтың көмегімен анықтауға болады, оны тоқсанына кемінде 1 реттен кем емес үнемі тексеріп тұру қажет. Дербес кредиттік есепті Мемлекеттік кредит бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚО-дан немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады.
Егер сіз «басқа адамның кредитінің» құрбаны болсаңыз, онда бірінші кезекте, қарыз ресімделген кредиттік ұйымның атауын біліп алыңыз, және оған өтінішпен жүгініңіз. Өтінішті сондай-ақ, құқық қорғау органына да беру қажет. Сіздің өтініштеріңіз тіркелуге тиіс, өтінішті қабылдау күні көрсетілген тіркеу нөмірі сіз өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне де қойылуға тиіс.
Кредитордан міндетті түрде ішкі қызметтік реттеу жүргізуді талап етіңіз. Сонымен қатар, кредиттік ұйым сізге шарттың көшірмелерін, оған қосымшаларды және жеке басты куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуға тиіс. Сізге кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылау қажет.
Кредиттік ұйым құжаттар ұсынудан бас тартқан жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым бере аласыз.
Егер кредиттік ұйым ақшаны сіздің жеке куәлігіңіз бойынша алаяқтардың алғанына дәлелдер таба алмаса, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша сотқа мәмілені жарамсыз деп тану туралы шағым-талап беру қажет. Сот шешімді сіздің пайдаңызға шығарған жағдайда, кредиттік ұйым:
- сізден борышты төлеуді талап етуді тоқтатуға;
- берешекті есептен шығаруға;
- кредиттік бюроға сіздің кредиттік тарихыңыздан басқа адамның қарызы бойынша ақпаратты алып тастау жөнінде хат жолдауға тиіс.
Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың алдауынан қалай қорғауға болады?
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін азаматтар сақтауға тиіс негізгі қауіпсіздік ережелері:
Егер сізге банк қызметкерлерінен қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатыңыз. Есіңізде болсын, нағыз банк қызметкері, банктердің байланыс орталықтарының операторлары ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Бұл конфиденциалды ақпарат тек алаяқтарға қажет. Егер күмәнданған болсаңыз, сізге қызмет көрсететін банктің Call-орталығына өзіңіз хабарласып біліңіз.
Егер сізге өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыратын адам хабарласса, қандай жағдайда да үрейге бой алдырмаңыз. Ықтимал күдіктінің полицияның нақты қай бөлімшесінде екенін, оған қатысты қандай баптың қолданылып жатқаны, іс-әрекеттің қашан жасалғаны, адвокат көмегінің көрсетілген-көрсетілмегені және онымен қалай байланысуға болатыны туралы сұраңыз. Сондай-ақ сізге оның атынан хабарласқан ұйымның: ҚР ІІМ және аудандық полиция бөлімшесінің шұғыл желісіне өзіңіз қоңырау соғыңыз.
Егер желіде қор нарығында табысқа кенелу ықтималдылығы 99%, бұрын-соңды болмаған ақша табуға мүмкіндік беретін таңғажайып платформаға қол жеткізу үшін сауалнамадан өтуді ұсынса, сенбеңіз. Өзіңіздің дербес деректеріңізді еш жерде, интернет кеңістігінде, әсіресе, фишингтік сайттарда қалдырмаңыз. Егер сіз мұны жай қызығушылықпен жасап, жалған нөмірлерді тіркесеңіз де мұның салдары болуы мүмкін.
Ешқашан және ешкімге жеке деректеріңізді, банк картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімін, CVC/CVV кодты (банк картасының артқы жағындағы үш санды, картаның түпнұсқалығын тексеру кодын), құпия сөзді және ақша қалдығын, жасалған операцияны растау үшін SMS-кодты: төлемді, аударымды және т.б. айтпаңыз. Интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің паролін ешкімге айтпаңыз.
Қарт туыстарыңызға алаяқтардың айла-амалдары туралы айтыңыз, қаскүнемдердің нысанына айналатындар – көбінесе солар.