АҚШ-тағы ірі банктің банкротқа ұшырауы әлемдік қаржы нарығы үшін несімен қауіпті?
Өткен апта соңында АҚШ-тың Silicon Valley Bank-і банкротқа ұшырап, әлемдік қаржы нарығы аяғынан тік тұрды. Неге дейсіз бе? Салыстырмалы түрде айтсақ, Бірінші несиелік бюроның мәліметінше, Қазақстандағы барлық банктің активтерін қоссақ та ол америкалық SVB-ның активінің жартысына да жетпейді. Бұл – бір. Екіншіден, оны Силикон алқабының банкі деп те атайды. Сондықтан бұл криптовалютамен, ІТ технологиямен айналысатындардың банкроттығымен пара-пар. Бір сөзбен айтқанда, бұл ауқымы жағынан АҚШ тарихында болып отырған екінші ірі банкроттық. Біріншісі, әлемдік қаржы дағдарысына әкеліп соққан. Ал бұл жолы да солай болуы мүмкін бе? Оны сарапшылардың өзі де дөп басып айта алмай отыр. Себебі…
Алдымен аталған банк жайлы аз-кем мәлімет бере кетелік. SVB – АҚШ-тағы ең ірі банктер тізімінде 16-шы орында тұрған, негізінен, технологиялық стартаптарға маманданған банк. 2022 жылдың соңында банк активі 209 млрд долларды құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстандағы барлық банктің активтерін қоссақ 100 млрд доллардан сәл-пәл асады. Яғни, ол – өте ірі банк.
Банкроттыққа не түрткі болды?
Өткен аптада ғана банктің басына бұлт үйірілетіндей проблемасы болмаған. Тек 8 наурызда SVB банк «өз балансын нығайту үшін» 1,75 млрд доллардың акцияларына қосымша эмиссия жүргізді. Инвесторларға арналған хабарламада банк өз әрекетін «активтер қоржынының бір бөлігін сату кезінде орын алған 1,8 миллиард доллар шығынды өтеу қажет екенімен» түсіндірді. Салдарынан банктің акциялары 60%-ға құлап кетті. Оның үстіне өткен аптаның жалпы АҚШ-тың банк секторы үшін қиын болуы жағдайды ушықтыра түсті. Көптеген эмитенттің акциялары да құлады.
Әрине, мынандай масқара жайтқа куә инвесторлар SVB -дан (қағаздағыны да, депозиттердегіні де) ақшаларын тез-тез әкете бастады. Америкалық банктер тек құнды қағаздар бойынша 620 млрд доллар жоғалтты. Әрине, ақырында заңды жағдай болды. Қысқа қайырғанда, АҚШ-тың ең ірі банкі екі-ақ күнде банкрот болды.
Енді не болып жатыр?
Басында атап өткеніміздей, банк технологиялық стартаптармен жұмыс істейді. Олар өз қаражаттарын сонда сақтады. Оның үстіне ол ақшаның 90%, кейіннен белгілі болғандай, сақтандырылмаған болып шықты. Сөйтіп стартаптар, бір сөзбен айтқанда, ақшасыз қалды, әрине бұл олардың компания құнына да кері әсер ететін болады. Кремний алқабындағылар қатты абдырап отыр. Мысалы, Roku Inc. медиа ойнатқыш өндірушілерінің акциялары 10%-ға құлады. Онда да компания өз ақшаларын SVB шоттарында сақтайтындығын мәлімдеген соң осылай болған. Uber, General Motors, Tesla-ның да акциялары құлдырауда.
Өзінің банкрот болғаны аздай, SVB First Republic, Signature Bank және Western Alliance сынды бірқатар америкалық қаржы ұйымдарын төменге тарта кетті. Инвесторлар мұндағы акцияларды да сата бастады. «Себебі бұл қаржы-несие ұйымдарының инвестициялық қоржыны SVB-ға ұқсас, яғни олар да стартаптарды қаржыландырумен айналысады», деп жазады New York Times газеті.
Silicon Valley-ден кейін Лос Анджелестегі First Republic Bank-тің де басына қара бұлт үйірілді. Тұтынушылар ақшасын алу үшін бұл банкке де лап қойған.
Жүздеген жасыл жобаның да «өмірі қиылуы» мүмкін. Себебі Silicon Valley арқылы күн энергетикасы бойынша көптеген жоба қаржыландырылып отырған болатын. Бұл банк, жалпы экологиялық стартаптарды да қолдап келген.
Банк капиталының қалдығы салымшыларға өтемақы төлеуге және кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге жұмсалмақ. Бірақ қашан және қандай көлемде екені әлі белгісіз. Бұл туралы ақпарат жоқ.
Еуропа неге шала бүлінді?
Банкроттық туралы хабардан кейін АҚШ-тың негізгі қор индекстері құлдырай жөнелді (оған басқа да себептер әсер еткені рас). Өткен жұмада құнды қағаздар нарығы мен басқа да америкалық банктер сауда-саттықты тоқтатты. Жалпы, нарықтағы көңіл-күй мәз емес. Ал Ұлыбритания SVB банкроттығы салдарынан келетін шығынды мейілінше азайтудың жоспарын әзірлеуге жең түре кісіріп кетті. Британияның қаржы министрі Джереми Хантаның айтуынша, америкалық банктің жергілікті бөлімшесімен әріптесе жұмыс істеген 200-ден астам ағылшын ІТ-компания жабылу алдында тұр. Англия банкі стартаптармен және венчурлық қорлармен жұмыс істеуге маманданған американдық Silicon Valley Bank-тің британдық «еншілес компаниясының» банкроттығы процедурасын енгізу үшін сотқа жүгінуге ниетті.
«Сонда банктің британдық бөлімшесінің салымшылары қысқа мерзімде бірлескен шоттардан 85000 фунт стерлинг (шамамен 102,290 доллар) немесе 170,000 фунт (2 204,580 доллар) сақтандыру лимиттері шегінде ақша ала алады», делінген Англия банкі хабарламасында.
«Батыс биржаларындағы индекстердің құлдырауы инвесторларды үркітіп жіберді. Сондықтан Үкімет бұл мәселемен айналыспаса, АҚШ пен Еуропалық одақтан капиталдар сыртқа ағылып кетпек. Америкалыққа қарағанда еуропалық банктердің құнды қағаздарына көбірек ақша салынып келген. Бірақ «Кремний банктің» күйреуінен кейін инвесторлар біздегі депозиттерін де жаба бастады. Қазір қаржы нарығы әлсіреп, осалдық танытуда», – дейді ABRDN инвестициялық директоры Джеймс Эти (Британия).
Жаһандық қаржы дағдырысы болуы мүмкін бе?
Әрине, бұл жайт 2008 жылы Lehman Brothers-пен болған жағдайды еске түсіреді. Бірақ соңғы 15 жылда көп нәрсе өзгерді: ФРЖ-ның ықпал ету тетіктері артып, жалпы банктердің капитализациясы жоғарылады, өтімділік деңгейі де жеткілікті. Бірақ бұл арада ортақ бір нәрсе бар. SVB-ның банкроттыққа ұшырау жылдамдығы баршаны таң қалдырды. Тура сол кездегідей. Осы жағы кішкене секем туғызады. Ал сарапшылар не дейді?
Pershing Square хедж қорының негізін қалаушы, миллиардер Билл Экман экономиканы күйретіп алмас үшін АҚШ билігінде 48 сағат бары екенін айтты.
– Егер JPMorgan, Citibank және Bank of America SVB-ны сатып алмаса, онда дүйсенбіде барлық банктің депозиттері жабылып, тізбек реакциясы іске қосылады, – дейді ол.
«SVB банкроттығы Азияны дүрліктіріп үлгерді, барлық ірі инвестор мен тәуелсіз ұйымдар өз инвестициясы мен депозиттеріне аталған жайттың тікелей немесе жанама әсері бар-жоғын жаппай тексере бастады, деп жазады Bloomberg.
Жалпы, бұл банкроттық 100 мыңнан астам жұмыс орынына қауіп төндіріп тұр. Сол себепті 220 мыңға жуық жұмысшыны танытатын АҚШ компанияларының 3,5 мыңнан астам басшылары мен құрылтайшылары салымшыларды қолдауды талап етіп, АҚШ билігіне үндеу жолдады.
Алайда АҚШ бұл банкті аман алып қалудан бас тартты.
«АҚШ билігі банкротқа ұшыраған Silicon Valley Bank (SVB) компаниясынан қайтарылмайтын несиелік міндеттемелерін өтеуге ниетті емес, бірақ оның салымшыларына көмектесу үшін басқа шаралар қабылдайды», – деді АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен CBS-ке берген сұхбатында. Ал ол қандай шаралар екені нақтыланбайды.
Сондай-ақ америкалық кәсіпкер Илон Маск банкрот деп танылған Silicon Valley Bank-ты сатып алу идеясын талқылауға «ашық» екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды. Бұл қаншалықты мүмкін нәрсе, оны ешкім дөп басып айта алмайды. Қалай дегенмен де мұхиттың арғы жағын дүрліктірген америкалық ірі банктің банкроттығы маңайында бүгінгі таңдағы мәлім жағдайлар осындай.
Жалпы, бұл банкроттық 100 мыңнан астам жұмыс орынына қауіп төндіріп тұр. Сол себепті 220 мыңға жуық жұмысшыны танытатын АҚШ компанияларының 3,5 мыңнан астам басшылары мен құрылтайшылары салымшыларды қолдауды талап етіп, АҚШ билігіне үндеу жолдады.