Дамушы нарық валюталары теріс динамика көрсетті
Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 10 наурызда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 3,5%-ға (431,08 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары 445,98 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.
2023 жылғы 3-10 наурыз аралығында сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды. Ақпанда экономикадағы жұмыс орындарының саны 311 мыңға ұлғайып, жұмыссыздық 3,6%-ға өсті. Сағаттық еңбекақы төлеудің өсу қарқыны 0,2% болды. Бұл – бір жылдағы ең төменгі көрсеткіш. АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелерді көтерудің жағымсыз салдарына байланысты қаржы компанияларына тиесілі акциялардың құлдырау шағында тәуекел активтері теріс динамиканы көрсетіп отыр. Бұл факторлар көбінесе дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасына алып келді.
Дамушы елдерде АҚШ долларына қатысты валюталар бағамының динамикасы төмендегідей қалыптасты:
- үнді рупиясы импорттаушылардың шетел валютасына сұранысы аясында 0,1%-ға (81,97-ден 82,05-ке дейін) әлсіреді;
- Бразилия реалы экономикалық белсенділіктің бәсеңдеу тәуекелдеріне байланысты базалық мөлшерлеменің жедел төмендеуін күтудің артуы аясында 0,2%-ға (5,2-ден 5,21-ге дейін) әлсіреді;
- Ресей рублі инвесторлардың тәуекелге қызығушылығының жаһандық төмендеуі аясында 0,6%-ға (75,63-тен 76,1-ге дейін) әлсіреді;
- Түрік лирасы 2023 жылғы мамырда өтетін сайлауда оппозициялық блоктың Президенттікке өз кандидатын жариялауы аясында 0,9%-ға (18,8-ден 18,97-ге дейін) әлсіреді;
- Индонезия рупиясы АҚШ-тағы ең ірі банктердің бірі өзінің банкроттығы жөнінде қауіптенуі аясында 0,9%-ға (15 311-ден 15 450-ге дейін) әлсіреді. Орталық банк шетел валютасының барабар ұсынысын қамтамасыз ету үшін спот пен форвард нарығында валюталық интервенциялар жүргізді;
- Оңтүстік Африка ранды инвесторлардың тәуекел-сентиментінің жаһандық төмендеуі және S&P агенттігінің ОАР тәуелсіз рейтингі бойынша болжамын «оң» болжамнан «тұрақты» болжамға дейін төмендетуі аясында 1%-ға (18,14-тен 18,32-ге дейін) әлсіреді;
- Мексика песосы инфляцияның бәсеңдегені туралы деректердің (ақпанда 7,91%-дан 7,62%-ға дейін) шығуы аясында 3%-ға (17,96-дан 18,5-ке дейін) әлсіреді, бұл АҚШ ФРЖ-ның одан әрі қатаңдату тәуекелдері аясында Мексика мен АҚШ мөлшерлемелері дифференциалының тартымдылығы бойынша күтуді төмендетеді.