Жаһандық экономиканың құлдырау қаупі экспортқа деген сұранысты төмендетуі мүмкін – ЕАДБ
Еуразиялық даму банкінің сарапшылары экономикада рецессия қаупі сақталып тұр деп тұжырымдайды. Банкке мүше 6 мемлекеттің макроэкономикасына жасаған кезекті шолуында ЕАДБ бұл қауіп осы елдер экспорттайтын тауарларға деген сұраныстың төмендеуіне әкелуі мүмкін деп жазады.
Биыл ақпан айы әлемдік экономикадағы рецессия қаупінің біршама азаюымен ерекшеленді. Жаһандық іскерлік белсенділік те алдыңғы аймен салыстырғанда біраз өсті: жиынтық PMI былтыр шілдеден бері алғаш рет 50 баллдық шектен асып, 52,1 пунктке көтерілді. Қытайда COVID-19-ға қатысты карантиннің аяқталуы әлем мен ЕАДБ елдерінде іскерлік белсенділікті қолдаудың маңызды факторына айналды.
Дегенмен, ммамандар алты ай бойы төмендеп келген іскерлік белсенділіктің кейінгі бір айдағы өсімі жаһандық экономика тұрақтанып, рецессия қауіп-қатері сейілді деуге негіз емес дейді.
Инфляцияның бүкіл әлемде жоғары болуы іскерлік белсенділіктің тұрақты нығаюына үлкен кедергі болып тұр. Макрошолу АҚШ пен Еуроаймақтағы негізгі пайыздық мөлшерлемелер тағы біршама көтерілуі мүмкін екенін байқатады.
ЕАДБ сарапшылары әлсіз өсім мен рецессия тәуекелдері ірі орталық банктерді 2023 жылдың бірінші жартысында ақша-несие саясатын қатайту циклдерін аяқтауға мәжбүр етеді деп санайды. Ақша-несие саясаты қатаң болмаса да, пайыздық мөлшерлемелер жоғары болып қала береді. Бұл өз кезегінде дамыған елдердегі ЖІӨ өсімінің айтарлықтай баяулауына алып келеді де, ЕАДБ елдері экспорттайтын тауарларға деген сұраныстың төмендейтінін білдіреді.
Жаһандық тенденциялардың ЕАДБ елдері экономикасына әсері біркелкі емес. 2023 жылдың басында Армения, Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстанда өсу қарқыны байқалған. ЕАДБ сарапшыларының есебіне сәйкес, Ресей ЖІӨ-сі қаңтар айында шамалы өсім көрсеткен. Беларусьте ақпан айының өзінде-ақ экономикалық құлдырау қарқыны баяулап, II тоқсанда оң экономикалық өсім аймағына шығуы мүмкін.
Сонымен қатар шолуда инфляциямен күрес те аймақ елдеріндегі ақша-несие реттеушілерінің күн тәртібіндегі өзекті болып тұрғаны жазылады. Осы себепті орталық/ұлттық банктер базалық мөлшерлеме деңгейін сақтап қалды. Ұлттық банктер инфляцияның бәсеңдеуі тұрақты сипатқа ие болды деп есептегенде ғана, ақша-несия шарттарын одан әрі жеңілдету мүмкін.
2023 жылғы қаңтарда Қазақстанның мемлекеттік бюджетінде 122,5 млрд теңге көлесінде профицит қалыптасты. Биыл жыл басында бюджет кірісі (жылдық+19,9%) шығысымен салыстырғанда (24,1%), баяу өсті. Салық түсімдері 31,6%-ға өсіп, Ұлттық қордан алатын ақша 22,2%-ға қысқарды. Шығынның артуына білім беру және денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысының жоспарлы өсуі, сондай-ақ ең төменгі жалақы деңгейінің көтерілуі әсер еткен.
ЕАДБ сарапшылары 2023 жылы экономикаға бюджеттен бөлінетін қаржы қолдау көрсетеді деп пайымдайды. Сәйкесінше алдағы айларда бюджет тапшылығын күтуге болады. Үкімет жоспарына сәйкес, 2023 жылдың соңына қарай мемлекеттік бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,7% құрайтын болады.