Қасым-Жомарт Тоқаев: Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады
Әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізген Мемлекет басшысы елімізде жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүріп жатқанын атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Оның бағыт-бағдарын былтыр наурыз айындағы Жолдауда айқындап алдық. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бір жылдың ішінде ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Билік жүйесін жаңа талапқа сай жаңғырту үшін бірнеше саяси науқан өткіздік. Маңызды мәселелерді талқылау үшін Ұлттық құрылтайды құрдық. Мемлекеттігіміздің тұғырын және ел бірлігін нығайтатын жаңа идеологиялық тұжырымдар ұсындық. Наурыз мейрамын жаңаша атап өте бастадық. Республика күнін қайта жаңғырту тарихи қадам болды, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы халқымыздың ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайту маңызды міндет екенін айтты. Сонымен қатар, соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш қою сәнге айналғанын ескертті.
Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге Республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.