Қазақстан гендерлік теңдік деңгейі бойынша 145 елдің арасында 65-орында
Экономика мен қаржы саласындағы әйел азаматтар үлесі туралы соңғы кезде жиі сөз болып жүр. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес, әлемдік экономиканың барлық саласында гендерлік теңсіздік байқалады. 2022 жылы жаһандық гендерлік теңсіздік индексі ықтимал 100%-дың 68%-ын құраған. Былтыр Қазақстан гендерлік алшақтық деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингінде 145 елдің ішінен 65-орынға ие болды.
Әйелдердің экономикалық өмірге жеткілікті деңгейде араласпауы әлемдік экономиканың өсуін шектейді. Мұны Халықаралық валюта қоры мен БҰҰ зерттеулері де растайды. Бұл туралы «DigitALL: Women in FinTech» форумында Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
«Қаржылық технологиялар саласы – стратегиялық тұрғыдан ойлауды және заманауи сын-қатерлерге жедел ден қоюды талап ететін қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Мемлекет тарапынан әйелдердің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және қаржылық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған жүйелі шараларды әзірлеу және іске асыру қажет», деді Агенттік Төрағасы.
«Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының» басшысы Елена Бахмутова McKinsey&Company консалтингтік компаниясының «Жұмыс орнындағы әйелдер» атты зерттеуін мысалға келтіреді.
«Жас әйел жұмысқа келген кезде ол тап болатын үлкен қиындық – оның мансап жолында жоғарылауы. Зерттеуде бастапқы деңгейден басшылық қызметке көтерілген әрбір 100 ер адамға небәрі 87 әйел келетіні атап өтілді. Ал мансап сатысы неғұрлым жоғары болса, бұл алшақтық соғұрлым көбейе бермек. Соңғы бес жылда инженерлік және техникалық салалардағы әйелдер үлеі 16-дан 17 пайызға төмендеген, ал ерлер үлесі 36-дан 40 пайызға артқан. Жалпы, өз мансабында белгілі бір биікке жеткен әйел өз талантын бәрінен жоғары қояды және еңбек процесі кезіндегі қолайсыз жағдайларға төзбейді. Ол өз потенциалын аша түсуге көбірек ден қояды», дейді Бахмутова.
Қазақстан да әлемдік үрдістен алшақ емес. Бұл ретте Бахмутова Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің жыл басында жүргізген активтер сапасын бағалау зерттеуін мысалға алады.
«Агенттік дерегі бойынша жалпы қарызы 6,7 трлн теңге болатын 6 млн қазақстандықтар арасындағы ерлердің орташа қарызы 1,3 млн теңге болса, әйелдердікі – 997,4 мың теңге. Қарызды өтеуде әйелдер әлдеқайда мұқият. Қазіргі уақытта қызметтегі әйелдер үлесі азайып бара жатыр. Мемлекеттік басқару саласындағы әйелдер үлесі 3 пайызға азайса, қаржы секторындағы саны 1 пайызға төмендеді», деді қауымдастық басшысы.
Сөз алған спикерлердің бірі – Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қаржы институтының гендерлік теңдікке ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Қазіргі уақытта банктің бүкіл қызметкерінің 73 пайыздан астамын әйелдер құрайды, ал орта және жоғары деңгейдегі басқарушылардың 64 пайызы – әйелдер. Біз өзіміздің «Бизнестегі әйелдер» деп аталатын бағдарламамыз арқылы әйелдер кәсіпкерлігін белсенді қолдап отырмыз. 5 жылда банк әйелдерге 5 млрд теңге несие бөлді. 528-ден астам кәсіпкер әйел 5 пайызбен жеңілдетілген займдар алып үлгерді. Бұл бастаманы биыл да жалғастырып, тағы 1 млрд теңге бөлетін боламыз», деді Үміт Шаяхметова.
Бұған дейін экономикадағы әйелдер үлесіне қатысты Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та пікір білдірген еді. Оның айтуынша, Қазақстан тең құқықтары мен мүмкіндіктері бар қоғам қалыптастыруда елеулі табыстарға қол жеткізді.
«2015 жылы Қазақстан БҰҰ орнықты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді өзіне қабылдады. Орнықты даму мақсаттары бойынша Прогресс индексі» рейтингі 115 көрсеткiштi қамтиды. 2022 жылы Қазақстан рейтингтегі позицияны 12 орынға жақсартты. 2019 жылмен салыстырғанда 77-орыннан 65-інші орынға көтерілді. Өткен жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша Қазақстан гендерлік даму саласындағы табысты реформалардың арқасында 15 позицияға көтеріліп, рейтингте 146 елдің ішінен 65-інші орынды иеленді. Қазақстан гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Іс-қимыл коалициясының да қатысушысы. Оның мақсаты – теңдікті қамтамасыз ету жолындағы ең қиын кедергілерді жою», дейді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, әйелдердің саяси баспалдақта алға озуы, корпоративтік тұрғыда өсуі мен дамуына да жақсы жағдай жасалып жатыр.
«Статистикаға сәйкес, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 2010 жылы 52,7%-ды құраса, 2022 жылы 55,4%-ға дейін өсті. Оның ішінде 39,2%-ы басшы лауазымында. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді. Оның ішінде министрлер, Агенттіктің, Жоғары аудиторлық палатаның және Конституциялық соттың төрағалары, Сенат төрағасының орынбасарлары, облыстар мен қала әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімдері бар», деді министр.
Статистикаға сүйенсек, шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 2011-2021 жылдар аралығында 38,4%-дан 44,6%-ға өсті. Елімізде кәсіпорын басшыларының 30,8%-ы – әйел азаматтар. Үкімет мемлекеттік қатысуы бар компаниялардың басшы органдарындағы әйелдердің үлесін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін арттыруға бағытталған шаралар қабылдап жатыр.