Жаңалықтар

Сайлаудан кейін мемлекетті жаңғыртуға қатысты тың бастамаларды жария етемін – Президент

религия
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Жиында ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттердің іске асырылуына және Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды, деп жазады Ақорда.

Жиында Мемлекет басшысы ел ішінде жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүріп жатқанын, саяси реформаларға ел ішінде ғана емес, шетелде де мән беріп жатқанын атап өтті.

Біздің болашағымыз – айқын, нақты жоспарымыз бар. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы – билік институттарын жаңарту жұмысының қорытынды кезеңі. Осылайша, билік жан-жақты реформаларды жалғастыру үшін жаңа сенім мандатына ие болады. Елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру – басты міндет. Қазір жетістікке мәз болып отыратын заман емес. Жұмысты тың қарқынмен жалғастыру керек, – деді Президент.

Сондай-ақ, Президент қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселесіне баса мән беру керек екенін айтты.

– Елімізді дамыту үшін саяси жүйені ғана жаңғырту жеткіліксіз. Реформалар, ең алдымен, қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптастыруы керек. Сонымен бірге жаңа құндылықтарды орнықтыруы қажет. Ең алдымен, ел мүддесіне және әр адамның құқығына басымдық беріледі. Геосаяси ахуал ушыққан кезде мемлекеттің және азаматтардың жауапкершілік жүгі артады. Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін. Әрине, мемлекет сөз бостандығына кепілдік береді. Әркімнің қалауынша қарекет жасауына мүмкіндік бар. Бірақ бұл бассыздыққа жол беру деген сөз емес. Әрбір азамат елдің тыныштығын және оның аумақтық тұтастығын сақтауға қатысты заң талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті. Заң мен тәртіп бар жерде тұрақтылық болады. Бұл қағида – барлығына ортақ,  – деді Президент.

Сонымен қатар, Президент этносаралық қарым-қатынас мәселесі әрдайым өзекті болып қала беретінін жеткізді.

– Этносаралық келісімді нығайту – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет, – деді Президент.

Бұған қоса, халықтың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды екенін тоқталды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет деп атап көрсетті.

Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елі ішінде тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті. Мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу қажет екенін ескертті.

Елге іріткі салып, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырған адамдар қатаң жазаланады. Арандатуға қарсы күрес заң аясында, жедел әрі жүйелі түрде жүргізілуі керек. Тиісті заңдарымыз бар, оларды қатаң сақтауымыз керек. Әйтпесе әрекетсіздіктің салдары еліміз үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Мен бірнеше рет айтқанымдай, бізге, ең алдымен, заң үстемдігі аса қажет.  Заң сақталса және азаматтық жауапкершілік жоғары болса, қоғамда тәртіп болады. Тұрақтылық бар жерде ғана даму, өркендеу болады.  Ел бірлігі – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі. Сондықтан ырысты ынтымақпен білек сыбана жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын табады. Осы орайда мен бірқатар тың бастамаларды ойластырып жатырмын. Оны сайлаудан кейін жария етемін, – деп  Президент сөзін қорытындылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен мемлекеттік органдар басшыларына азаматтармен өзара байланысты күшейтуді, кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізуді тапсырды.