Тұрақтандыру қорларындағы көкөніс көлемі жеткіліксіз   

Жарияланды
Тұрақтандыру қорлары тексеріледі
Көкөніс көлемі аз. Фото:

Сенбі күні Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен сенбілік кеңес өтіп, өңірлердің негізгі азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмысы қорытындыланды. Жиында кейбір өңірлерде қорда сақталған көкөніс көлемінің айтылған мөлшерден төмен екендігі айтылды.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азық-түлік бағасын тұрақтандыруда қол жеткізген көрсеткіштер мынадай: өткен аптада қант 0,6%, қарақұмық 0,4%, тауық 0,3%, сүт 0,2%, пияз 0,1% төмендеген. Ал сәбіз мен күнбағыс майының бағасы сол қалпында қалған. Қырыққабат (1,1%), күріш (0,9% ), айран (0,6%) секілді өнімдер керісінше, қымбаттай түскен екен.

Мамандар Маңғыстау облысында бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының 0,1 пайызға төмендегенін айтады. Бұл өңірде әлеуметтік маңызы бар тауардың  барлық түрлері апта бойы өспегені байқалған. Күнбағыс майы – 0,5%, қырыққабат – 2,8%, қант – 1,5%, жұмыртқа  –  0,4% төмендеген. Сонымен бірге, Жамбыл облысында 1 ақпанда қорларды брондау басталғаннан бері қырыққабат бағасы маусымаралық қажеттіліктің 7% есебінен 5,7%-ға өсті. Түркістан өңірінде қырыққабаттың құны 3% қажеттілік көлемінен 3,8%-ға өскен. Бұл ретте қырыққабаттың ең көп көлемі Батыс Қазақстан, Атырау,  Қарағанды облыстарында сатылған. Аталған өңірлерде бір апта ішінде баға өспеген екен.

Ал басқа өңірлерде керісінше, қырыққабат бағасы көтерілген. Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтың айтуынша, көкөністердің, оның ішінде қырыққабат бағасының өсуі, негізінен нарыққа шыққан өнімнің жеткіліксіздігінен болып отыр.

«Жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша көптеген өңірлерде көкөністердің расталған қорларының жетіспеушілігін көріп отырмыз. Қазір нарықты біркелкі  толтыру үшін өңірлер арасында жалпы көлемді бөлуді пысықталып жатыр», деді комитет өкілі. Яғни, пияздан кейін елімізде қырыққабат бағасы өсе бастады. Енді республика қоймаларындағы қырыққабат әр өңірге теңдей бөлініп, таратылмақ. Бірақ бұл аталмыш өнім бағасының өспейтініне кепілдік бермейді.

Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін барлық тетіктерді қоданып жатыр. Бағаларды ұстап тұрудың негізгі тетігі тұрақтандыру қорлары болатын. Бірақ онда да жағдай тұрақсыз боп шықты. Сол себепті де, бағаларды реттеуде дұрыс нәтиже көру қиынға соқты. Енді халыққа арзан бағада өнім ұсынатын тетік  ретінде жәрмеңкелер қарастырылып отыр. Осы орайда әкімдіктерге күннің жылынуына байланысты жәрмеңке маусымын ашу ұснылды.

«Жәрмеңкелер – еліміздің ішкі нарығын отандық өндірушілердің өнімдерімен, делдалдарсыз, өндірушілердің бағасымен толтырудың маңызды құралдарының бірі. Сонымен қатар, біз мобильді жәрмеңкелерді ұйымдастыру мәселесін бірнеше рет көтердік. Әкімдіктер арнайы бөлінген орындар мен маршруттарды анықтауы керек, содан кейін кәсіпкерлер бекітілген маршрут бойынша оның кез келген нүктесінде сауда жасай алады. ӘКК балансына автолавкаларды сатып алуды, көшпелі сауда орындары мен бағыттарын бекітуді ұсынамыз», деді Айдар Әбілдабеков.

«Тұрақтандыру қорларының негізгі міндеті-нарыққа реттеуші әсер ету. Өткен аптада мен қалыптасқан қорлардан көкөністердің максималды көлемін сауда орындарына жіберуді тапсырдым. Мұны жасаған өңірлер бағаның нөлдік өсуін көрсетіп отыр. Түркістан облысында картоптың, қырыққабаттың, пияздың жақсы қорымен және интервенциялардың төмен көлемімен картоптың бір апта ішіндегі баға өсімі – 1 %  астам, қырыққабатқа – бірден 3,8%, ШҚО – да пияздың ауқымды қорымен аптадағы баға өсімі 4,1% құрап отыр. Күтудің қажеті жоқ, сәуір айында жаңа егін жиналады. Жақында біз сауда желілерімен кеңес өткіздік, сату бойынша олардың қолдауы бар. Келесі аптада біз оң нәтижені көруіміз үшін тауар интервенцияларын барынша күшейтуді тапсырамын», деп қорытындылады министр Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ оқыңыз