Ұлттық экономика вице-министрі Б.Омарбеков Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының негізгі бағыттары туралы баяндады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.
Ағымдағы жылғы 1 қаңтарда елімізде 7,5 млн. адам тұратын 6 295 ауылдық елді мекен бар. «Жалпы саннан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды. Онда ауыл тұрғындарының 90%-ы тұрады. Бұл ауылдарды қаржыландыру республикалық бюджеттен 2019 жылдан бастап «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылы аталған жоба бойынша 143 млрд.теңге бөлініп, 736 ауылда 1,5 мыңнан астам жоба іске асырылады», – деп нақтылады Бауыржан Омарбеков. Сондай-ақ, 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасына қосымша 55 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» жобасы іске асырылуда. Биыл тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беруге 3,8 мың маманға 20 млрд.теңге бөлінеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Министрлік ҚР Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі.
Негізгі бағыттары: АӨК (агроөнеркәсіптік кешен), ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, сондай-ақ кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы ауыл халқының табысын арттыру. Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту есебінен қызмет көрсетудегі өңірлік теңгерімсіздіктерді қысқарту. Ауылдық аумақтарды дамытуды институционалдық қамтамасыз ету және ауылдық аумақтарды дамыту бойынша қолдау шараларын жүйелеуге бағытталған шаралар кешені.
«Қабылданып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде 2027 жылға қарай табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 6,5%-ды құрайды. Ауылдардың 100%-ы сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіліп, ауылдық жердегі интернет желісін пайдаланушылар үлесі 97%-ға жетеді деп күтілуде», – деді вице-министр.