Елімізде бизнес-климат индексі жақсарып келеді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қытайдағы карантиндік шектеулер алынғаннан кейін, елімізде сұраныс артып, рецессиялық тәуекелдер төмендеген. Нәтижесінде логистикалық маршруттар жақсарып, баға қысымы әлсіреп, бизнес-климат индексіне оң ықпал еткен. Бұл жайлы Үкімет отырысында Ұлттық банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.

Сарапшылар 2023 жылдың ақпан айында әлемдік нарықтарда оң үрдістер қалыптасқанын айтады. Оған COVID-19 шектеулері алынғаннан кейін Қытай экономикасының қалпына келуі мен жаһандық тауар жеткізу тізбектерінің жақсаруы әсер еткен.

«Соңғы 7 айда алғаш рет іскерлік белсенділіктің жаһандық композиттік индексі (global PMI) оң аймаққа өтіп, осы ақпан айында 52,1-ге дейін өсті. Ақпан айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік индикаторы 50-ді көрсетті. Бұл оң өзгерістердің де, теріс өзгерістердің де болмағанын көрсетеді. Құрылыс саласындағы іскерлік белсенділіктің жақсарғаны байқалды. Көрсеткіштер 49,1-ден 51,6-ға дейін көтерілген Бизнес-климат индексі біршама жақсарды. Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, бизнес жүргізудің қазіргі жағдайлары аздап төмендегеніне қарамастан, қолайлы болып қалды» деді Ғалымжан Пірматов.

Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бастап 497 млрд теңгеге немесе 3,4%-ға ұлғайып, ақпан соңында 15,1 трлн теңгені құраған. Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 210,4 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 319,9 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 40,8 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – 21,8 млрд теңге болған.

Халықаралық резерв ақпан айының соңында 91,9 млрд долларды құраса, алтын-валюта резервтері алтын бағасының арзандауына байланысты 2,2 млрд долларға азайған. Ұлттық қордың активтері ақпан айында негізгі әлемдік индекстердің төмендеуіне байланысты 57,4 млрд долларға дейін 0,5%-ға немесе 271 млн долларға азайды.

Биыл жыл басынан бастап ақпан айының соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 445,66 теңгеге дейін 3,7%-ға нығайды. Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізбеген.

Сондай-ақ оқыңыз