Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несие беру тәртібі қатайып, шағын несие мөлшерлемесі өзгереді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға бағытталған жарлығында ҚНРДА-ға осындай тапсырма берілген.
Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халыққа кепілсіз тұтынушылық кредит беруді қатаңдату шеңберінде 2023 жылғы 31 мамырға дейін: халықтың микрокредиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді қатаңдату; екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агенттіктердің халықтың проблемалы кредиттерін реттеу жөнінде жоспарлар қабылдауы бойынша талапты енгізу шараларын қабылдасын», делінген жарлық мәтінінде.
2023 жылғы 30 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп қарыздар мен микрокредиттер бойынша күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтардың борыш жүктемесінің өсуін шектеу тапсырылған.
Сонымен қатар коллекторлық агенттіктер жеке тұлғалардың кредиті бойынша берешегін реттейтін болады.
Жарлыққа сәйкес, банктер мен МҚҰ-ның жеке тұлғалардың реттеу рәсімі жүргізілмеген қарызы мен микрокредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуы шектелмек.
Бірінші несие бюросының 2023 жылғы қаңтардағы мәліметі бойынша, Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық кредит портфелі 28,3%-ға (немесе 1,6 трлн теңгеге) өсіп, 7,4 трлн теңгеге жеткен.
Портфель сапасы бір жылда өзгермеген: егер 2022 жылғы 1 қаңтарда мерзімі 90 және одан да көп күнге кешіктірілгендердің үлесі 12,9%-ды құраса, 2023 жылғы 1 қаңтарда ол 12,8%-ды құрады. Биыл жыл басында төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген кредит көлемі 943,8 млрд теңгеге жеткен.