Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей елшісі Алексей Бородавкин мен Қытай елшісі Чжан Сяоны қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Бородавкинмен әңгімелесу барысында Президент Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы сапарының, сондай-ақ биыл күзде Қостанайда өтетін XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізудің маңыздылығын атап өкен.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесуде биыл мамыр айында Сиань қаласында өтетін «Орталық Азия + Қытай» саммитінің және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жоспарланған мемлекеттік сапарының өзектілігі сөз болған.
Сондай-ақ екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту маңызды екеніне назар аударылды. Мемлекет басшысы Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Украинаға қатысты жағдайды саяси тұрғыда реттеу жөніндегі бітімгершілік әрекетіне жоғары баға берді.