Қазақстанда егде жастағы тұрғындардың қатары артып келеді
Әлем халқы қартайып барады. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмақ емес. Айталық, 2022 жылдың басында елімізде жасы 65-тен асқан әйелер үлесі 10,1%-ға жеткен. Ал соңғы он жылда жасы 65-тен асқан ер кісілердің үлесі 4,8%-дан 6,1%-ға дейін өсті, деп жазады ranking.kz.
Одан бөлек, БҰҰ болжамы бойынша, Қазақстанда егде жастың демографиялық салмақ коэффиценті де арта бермек. Мәселен, 2022 жылы бұл коэффициент мәні 12,9%-ды құраған. 2025 жылға қарай 14,1%-ға, 2030 жылға қарай – 15,9%-ға, 2040 жылға қарай – 17,1%-ға, 2050 жылға қарай – 19%-ға жетуі мүмкін.
БҰҰ мәліметі бойынша, дүние жүзінде бұл коэффициент 15,1% құрайды. Болашақта оның мәні жылдан-жылға тек өседі. Бұл көрсеткіш – егде жастағы адамдар санының еңбекке қабілетті жастағы (яғни, 15-64 жас) санына қатынасы.
Халықтың қартаюы – 21 ғасырдағы басым тенденцияның бірі. Мұның қоғам үшін маңызды және ауқымды салдары бар. Егде жастағы кісілердің қатарының артуы барлық мемлекетте байқалады. БҰҰ болжамы бойынша, алдағы онжылдықтарда жасы 65-тен асқан адамдар саны дүние жүзінде екі есе өседі. 2021 жылы олардың қатары 761 миллион болса, 2050 жылы 1,6 миллиардқа жетуі мүмкін.
Халықтың қартаюына адамның өмір сүру жасының ұзаруы да әсер етіп жатыр. Бұл өз кезегінде олар зейнетке шыққанда жеткілікті зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне шығарып тұр.