Азаматтардан университетке түскенде және жүргізуші куәлігін алғанда олардың есірткі қолданып-қолданбайтыны тексеріледі. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.
«Жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік қызметке тұрғанда, жүргізуші куәлігін алғанда олардың биоматериалдары зерттеледі», – деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл азаматтардың қауіпсізідігі үшін қажет.
«Қазір синтетикалық есірткі таралып жатыр, оларды алу да оңай. Бір дозасы 10 мың теңге тұрады. Есірткіні сататындар интернет арқылы есірткінің қайда екенін жібереді. Сараптама есірткіні тұтыну ерте анықталса, олардың 95%-ы қалыпты жағдайға оралуы мүмкін екені көрсетті. Үшінші кезеңде тек 15%-ы қалыпты жағдайға оралуы ықтимал», – деді Ахметжанов.
Оның айтуынша, қазір мектеп оқушылары арасында да есірткі тарап жатыр. Сондай-ақ қазір оның нақты есебі жоқ екенін де айтып өтті.
«Биоматериалдардың скринингін өткізуді ұсынып отырмын. Бұл – денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы. Біздің министрлік мұны қолдады. Жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік және әскери қызметке орналасқанда, жұмысқа тұрғанда қазақстандықтар скрингтен өтеді. Қоғам мен балаларымыздың қауіпсіздігін сақтау маңызды екенін түсінуіміз керек… Биоматериалдардан есірткі анықталса, азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Тиісті ақпарат олардың ата-анасына жіберіледі», – деді Марат Ахметжанов.