Қор биржасында сауда-саттықтың жиынтық көлемі ақпанда 23,7 трлн теңгені құрады

Жарияланды
KASE
Фото: Kursiv.media


KASE-дегі сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2023 жылдың ақпанында 23,7 трлн теңгені құрап, қаңтарға қатысты 0,2 %-ға немесе 43,2 млрд теңгеге төмендеген. «Қазақстан қор биржасы» АҚ 2023 жылдың ақпан айындағы қызметтің негізгі қорытындыларын жариялады.

«Ай қорытындысы бойынша KASE индексінің мәні 1,2 %-ға өсіп, 3 338,90 тармақты құрады. Акциялар нарығын капиталдандыру 0,8 %-ға артып 21,9 трлн теңгеге дейін өскен. Ал саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 7,8 %-ға 13,3 трлн теңгеге дейін төмендеді. 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 219 эмитенттің 576 атаудағы мемлекеттік емес бағалы қағаздары болды. 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Орталық депозитарийде 575 мың жеке тұлғаға ашылған 609 мыңнан астам дербес қосалқы шоттар болған» делінген баспасөз хабарламасында.

Акциялар нарығындағы жағдайға келер болсақ, 2023 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 21,9 трлн теңгені (48,7 млрд USD) құрады. Бұл өткен айдың ұқсас көрсеткішінен 177,7 млрд теңгеге немесе 0,8 %-ға жоғары екен. Оның ішінде өсімнің негізгі үлесі Kaspi.kz АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ акцияларының бағасын ұлғайту есебінен капиталдандыруға тиесілі.

Сондай-ақ өткен айда акциялармен сауда-саттық көлемі 28,1 млрд теңгені құрап, қаңтарға қатысты 47,7 %-ға немесе 9,1 млрд теңгеге өскен. Ал сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі 1,4 млрд теңгені құрап, мәмілелердің орташа тәуліктік саны – 2 369-ға жетіп, бір мәміленің орташа көлемі – 592,8 мың теңгені құрапты. Бұл айда акциялардың сауда-саттығы тек қайталама нарықта өткен.

«Инвесторлардың негізгі санаттары арасында жеке тұлғалардың үлесіне акциялар мен мәмілелердің жиынтық көлемінің 42,4 %, банктердің үлесіне – 6,7 %, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 6,5 %, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 1,9 %, басқа заңды тұлғалардың үлесіне – 42,6 % тиесілі болды. Бейрезиденттердің үлесі 37,7 % құрады» деп берілген хабарламада.

24 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады, тиісінше өтімділікті беру бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 17,75 %, ал өтімділікті алу бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша – 15,75 % құрап отыр.

2023 жылдың 14 ақпанынан бастап KASE бүкіл әлем бойынша 60-тан астам орталық контрагенттердің (ОК) қызметін ұйымдастыратын 40-тан астам мүшені – Америка, Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және Тынық мұхиты Азиясын қамтитын ССР12 қауымдастығына мүше болды.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) Орталық Азия өңіріндегі жетекші қор биржасы. KASE бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі бойынша ТМД биржалары арасында екінші орында және FEAS биржаларының акциялар нарығын капиталдандыру көлемі бойынша бесінші орында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз