Қытайдан Қазақстанға жедел тауар тасымалдайтын пойыз іске қосылды
Қытайдың интернет-дүкендерінен Қазақстанға және көршілес елдерге тауарларды жедел жеткізетін пойыз жүретін болады. Оны Қазақстан темір жолының мультимодальды жүктерді тасымалдаумен айналысатын еншілес кәсіпорны – «KTZ Express» қазақстандық «Atasu Group» логистикалық операторымен бірлесіп іске асыруда деп хабарлайды ҚТЖ сайты.
Бұл пойыз екі ел арасына апта сайын қатынап тұрмақ.
Компания өкілдері егер, тасымалданатын жүк көлемі артса, пойыздың қатынау жиілігі де артатынын айтады. Пойыз Қытайдың Үрімші қаласынан Алашаңқай-Достық шекара өткелі арқылы Ресей бағытында, сондай-ақ Өзбекстан мен Тәжікстан елдеріне де қатынайтын болады. Межелі станцияға жеткізу уақыты 7-10 күнді құрайды.
Сондай-ақ KTZ Express Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан Орталық Азиядағы ең ірі KTZE-Khorgos Gateway жүк тиеу терминалы арқылы Қытайдың шығыс провинцияларынан Қазақстанға теміржол арқылы автокөліктер жеткізу жобасын жүзеге асыруда.
2022 жылы бұл терминал арқылы айына 3 мыңға жуық көлік тасымалданатын болған.
Ал Atasu Group компаниясының жеке теміржол және автомобиль паркі бар. Сонымен қатар бұл компания меншігінде жалпы ауданы 50 мың шаршы метрден асатын қоймалары мен бірнеше логистикалық терминалдар да бар.
Бұған дейін ҚТЖ Қытайдың Сиянь қаласындағы құрғақ порт аумағында терминал салатынын мәлімдеген болатын.