Сақтандыру саласы қандай тәуекелдермен бетпе-бет келеді?

Жарияланды
Сақтандыру саласын не күтіп тұр? Фото: shutterstock.com

Цифрлық шешімдердің жедел әрі сапалы енгізілуі сақтандыру нарығындағы процестерді одан әрі оңтайлы ете түседі және тұтынушыларға бұрынғыдан да түсінікті, қолайлы болады. Саланың басы-қасында жүрген сарапшылар осылай дейді.

Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының басқарушы директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, қазір бұл сала трансформация мен цифрландырудың белсенді кезеңін бастан өткеріп жатыр. Қаржы нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында үш вектор берілген – redteh, supteh және insurteh. Мәселен, соңғысы бойынша сақтандырушылар мен сақтандыру сервисінің жұмысын онлайн режіміне толық көшіру жоспарлануда. Бұл бағыт қазір ең өзекті болып саналады, әсіресе сақтандыру қызметі туралы заңға түзетулер енгізілгеннен кейін. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еуропалық хаттама – сақтандыру жағдайын реттеудің және онлайн төлем алудың оңайлатылған тәртібі енгізілмек.

Freedom Insurance СК Басқарма Төрағасының кеңесшісі Азамат Керімбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы (ЖКО) салдарынан төлем алу тәртібі толықтай онлайн форматқа көшіріліп жатыр.

«Төлемді алудың стандартты процесі орта есеппен 90 күнге созылады. 2022 жылдың қараша айында Freedom Insurance компаниясы ең қысқа мерзімде онлайн төлемдер бойынша жаңа сервисті іске қосты. Енді ЖКО-ға түскен қазақстандық автокөлік иелері құжаттарды ұзақ жинамай және сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ бірнеше күн ішінде банк картасына өтемақы ала алады. Электрондық өтініштен төлем алуға дейінгі жолды өз бетіңізше dtp.kz сайтынан өтуге болады. Орташа алғанда, бұл жағдайда бүкіл онлайн төлем процесі шамамен 5 күнді алады. Өтемақыны Freedom Bank картасына немесе кез келген басқа банктің картасына алуға болады», дейді.

«JusanGarant» СК» АҚ Басқарма төрағасы Абай Егембердиев сақтандыру компаниялары клиенттердің кең дерекқорымен жұмыс істейтіндіктен дербес деректердің қауіпсіздігін арттыру өте маңызды дейді.

«Сақтандыру шарттарын жасасу және полистерді сатып алу кезінде бізге ЖСН, телефон нөмірі, мүлік және денсаулық туралы жеке ақпарат және басқа да деректер беріледі. Біздің міндетіміз – бұл деректерді сақтанушылармен жұмыс істеу үшін алу ғана емес, сонымен қатар олардың сақталуын қамтамасыз ету және ақпараттың тарап кетуіне жол бермеу. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар орын алады. Америкалық Verisign компаниясының мәліметі бойынша, бұзушылықтардың 82 пайызы адами фактормен байланысты, соның ішінде әлеуметтік шабуылдар, цифрлық деректерді пайдалану кезіндегі қателіктер салдарынан туындаса, 13 пайызы  хакерлер пайдалана алатын бағдарламалардың бұзылу оқиғасының өсуінен болып жатыр. Сондықтан белсенді цифрландыру кезеңінде сақтандыру компаниялары үшін клиенттердің дербес деректерін қорғауды арттыру стратегиялық маңызды болып саналады», деп атап өтті.

Сондай-ақ сала өкілдері компаниялар қоршаған ортаны қорғау мәселесін де тысқары қалдырмауы тиіс деп санайды.

«Сақтандыру компаниясының басты мақсаты – қорғауды жүзеге асыру. Бұл тек мүлікке, өмірге және денсаулыққа ғана емес, қоршаған ортаға да қатысты. Барлығы бір-бірімен байланысты. Сондықтан экожүйеміздің өнімдері шеңберінде біз қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын арттыруға бағытталған арнайы жобаларды құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз», деді «Халық» СК» АҚ өкілі Қайсар Әбдір.

Жоғарыда айтылған redteh, supteh және insurteh жаңашылдығы келер жылдан қалмай енгізілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаеваның айтуынша, жаңашылдықтарды енгізудің арқасында Агенттік сақтандыру өнімінің сапасын, түрін, бағасын, шарттарын қадағалай алады.

«Нарыққа сақтандыру оқиғаларын және онлайн-төлемдерді реттеуді онлайн процедураға айналдыратын кез келді. Бұл бағытты реттеуші заңнамалық деңгейде белгілеп берді және сақтандыру ұйымдарына осы онлайн қызметтерді өз платформаларында орналастыруға мүмкіндік берді. Сақтандыру ұйымдары клиенттер үшін мұндай қызметтерді жүзеге асыруда бәсекелестік артықшылықтарға ие», дейді ол.

Агенттіктің биылғы жоспарына:

  • Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың маңызды құрамдас бөліктері ретіндегі сақтандыру ұйымдарын қадағалап стресс-тестілеуді жетілдіру;
  • Solvency II элементтерін енгізу;
  • Іс-қимыл тәуекел-бейінінің элементтерін дамыту кіреді.

Сонымен қатар, қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес сақтандыру нарығын цифрландыру жөніндегі жұмыс та жалғасады.

Биыл сақтандырудың барлық міндетті түрлері бойынша сақтандыру оқиғасын онлайн реттеуді және міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру оқиғаларын жеңілдетілген реттеуді (Еурохаттама) енгізуге дайындықты жүзеге асырады.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сақтандыру ұйымдарының активтері бір жылда 13,01%-ға ұлғайып, 2,07 трлн теңгені құрады. Активтердің ІЖӨ-ге үлесі 2,04% деңгейінде қалып отыр. Міндеттемелер жыл басынан бері 18,76%-ға ұлғайып,  1,29 трлн теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз