Жылдық инфляция 21,3%-ға жетті – Ғалымжан Пірматов

Жарияланды
Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов: инфляция жылдық 21,3% болды. Фото: tengrinews.kz

Қазақстанда инфляция көрсеткіші құбылмалы болып тұр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурызда ең жоғары мәнге жеткен соң, біртіндеп төмендеудеп жатыр.

«Бірақ ол ақпанда 1,3%-ға дейін аздап жеделдеді. Осылайша, айлық инфляция құбылмалы болып тұр және 5 жыл ішіндегі орташа жылдық мәннен асатын деңгейде. Жылдық мәнде ақпандағы инфляция 21,3%-ға жетті», – деді Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында.

Ұлттық банк ақпанда кезекті болжамды раундты аяқтаған. Жаңа деректер мен сыртқы және ішкі факторларды ескеріп, инфляция болжамы биыл 9-12%-ға дейін, 2024 жылы 6-8%-ға дейін қайта қаралды, 2025 жылы өзгеріссіз – 4-6% деңгейінде сақталды.

«Геосаяси жағдайдың салдарынан және оның белгісіздігі аясында, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуынан сыртқы проинфляциялық факторлар сақталып отыр. Инфляцияның ішкі тәуекелдері тұрақты ішкі сұранысқа, логистикалық жеткізу жолдарының қайта құрылуына және ынталандырушы фискалдық саясат пен жоғары инфляциялық күтулерге байланысты», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз