Гүлмира Сатыбалды ісі бойынша жәбірленуші Айгүл Мекешева 713 млн теңге материалдық шығын талап етті.
«713 809 780 теңге көлемінде материалдық шығын мен 50 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеуді сұраймын», – деді Айгүл Мекешева деді сот отырысында.
Алайда жәбірленуші бұл соманы нақты кімнен өндіру сұрап отырғанын нақтыламады. Мекешеваның айтуынша, 2020 жылдың қыркүйегіндегі бағалау бойынша, «Galanz Bottlers» АҚ 100% акциясының құны 14 253 200 000 теңгені (бір акция құны – 153 теңге) құрайды.
«Материалдық және моральдық шығынды өтеуді сұраймын. Ол жағдайды (адам ұрлау) мен ғана емес, балаларым да көрді. Олар да күйзеліске түсті. Балаларым әлі күнге дейін қорқып жүр», – деді жәбірленуші.
Айгүл Мекешеваның айтуынша, ол Гүлмира Сатыбалдымен 2013 жылы танысқан. Содан кейін Сатыбалдыға тиесілі компания «Baur Kazakhstan» АҚ-да жұмыс істеген.
Айта кетейік, 14 наурызда прокурор іс бойынша айыптау актісін оқыды. Айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде Сатыбалды Алагөзовке тиесілі акциялар пакетін заңсыз иемденген. Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның меншігіндегі «Maxi Bottlers» үлесінің 75%-ын басқа сенімді тұлғаға қайта жазуды тапсырған. Алайда алдын ала уәде берген компания акцияларының 5%-ын Мекешеваға беруден бас тартқан.
Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның өз еркімен акцияны жазып бермейтінін түсініп, оны ұрлау әрекетін ұйымдастырған. Мекешеваны ұрлап әкетуді жеке көмекшісі Батыршаевқа тапсырған. Ал Батыршаев бұл іске өзінің үш танысын тартқан.
Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған. Сот процесінде Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады.