Жаңалықтар

Ірі инвесторларға берілетін мүмкіндіктер кеңейтіледі. Үкімет қаулыға түзетулер енгізді

Фото: Kursiv.media

2023 жылдың ақпан айынан бастап ірі инвесторлар үшін Қазақстанда жаңа жобаларды іске қосу және қолданыстағы жобаларды жаңғырту мүмкіндіктері едәуір кеңейтілді. Әлихан Смайылов «Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысына енгізілген тиісті түзетулерге қол қойды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Түзетулерге сәйкес Үкіметпен Инвестициялық міндеттеме туралы келісім бекітуді жоспарлап отырған заңды тұлғалар үшін Қызметтің басым түрлерінің тізбесі алынып тасталды. Бұл келісім бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге салық мөлшерлемесі белгіленеді, ал инвестор оның өтеуі ретінде қомақты қаражат салуға, қандай да бір өндірісті іске қосуға немесе жаңғыртуға, қазақстандық кадрларды оқытуға және т. б. міндеттеледі» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қаулыға енгізілген түзетулерге сәйкес, тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі анықталды.

Ол бойынша бұдан былай ірі компания немесе кәсіпкер бұл тізімге енгізілмеген кез келген инвестициялық бағытты еркін таңдап, Үкіметпен Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасай алады.

Тыйым салынғандар санатына барлығы 14 тармақ жатады. Олардың арасында:

акцизделетін өнімдердің көтерме саудасы және (немесе) өндірісі;
лотерея өткізу;
ойын бизнесі саласындағы қызмет және т. б. бар.

Барлық басқа бағыттар бойынша шектеулер жоқ.