ҚР Әділет министрлігі: Қазақстандықтар енді меншік иелері бірлестігін онлайн тіркей алады
ҚР Әділет министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Digital Justice портфелі аясында жаңа жобаны іске қосты.
Енді қазақстандықтар МИБ (Меншік Иелері Бірлестігін) онлайн режимде тіркеу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы ҚР ӘМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Бұрын қазақстандықтар МИБ тіркеу және оның төрағасын сайлау үшін үй тұрғындарымен бірнеше кездесіп, әділет органдарына тиісті өтініш беріп, көп уақыт жұмсаитын. Енді ұялы телефондағы мобилді қосымша арқылы онлайн-өтінім беруге болады. Бұл қызмет «Управдом» ЖШС қосымшасында қолжетімді.
Талғат Уәлидің айтуынша, бұл жоба арқылы онлайн форматта дауыс беруге болады. Бұл тұрғындардың қолтаңбаларын онлайн жинауға, дауыстарды, кворумды автоматты түрде санауға және электрондық хаттаманы автоматты түрде толтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, үйдің төрағасы, хатшысы және Кеңес мүшелері қол қойған электрондық хаттама «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына МИБ электрондық тіркеу үшін жолданады. Жоба ең алдымен МИБ қызметінің ашықтығы, алаяқтық әрекеттерді болдырмау, үйді басқару кезінде процестерді автоматтандыру, қағаз құжат айналымынан арылуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, азаматтарға қолайлы болу үшін басқа да IT-шешімдерді ұлғайту бойынша жұмыстар жалғаса бермек. Әділет министрлігі халыққа қызмет көрсетуді жақсарту үшін реформаны іске асыруды одан әрі жетілдіре береді, деді Талғат Уәли.