Сенат депутаттары сәрсенбі күнгі отырыста жер учаскесін пайдалануға қатысты заң жобасын қабылдады. Осы заң жобасы негізінде жер учаскесіне құқықтарды рәсімдеу жеңілдеп, қызметтер электрондық форматқа көшіп, автоматтандырылады. Сонымен қатар, басы артық бірнеше құжаттар алынып тасталған.
Жер комиссиясы жұмысына да өзгерістер енгізіліп, әртүрлі инстанциялар бойынша құжаттарға онлайн мониторинг жүргізіле бастайды. Сонымен қатар жер учаскесіне құқықтарды тіркеп, құжат алуға қатысты композиттік қызметтер енгізілетіні айтылды.
Жер иеленушілердің жұмысын жеңілдететін тағы бір мәселе заң жобасына сәйкес құжаттарды қарау және келісу ұзақтығы 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарады.
«Сенат депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Заң жобасын талқылау барысында заң жобасына негізгі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Заң жобасының атауына, жаңа ұғымдар және кейбір ұғымдардың атауларына, нақтылайтын, редакциялау мен заң техникасының талаптарын орындау мақсатына өзгерістер енгізілді», деді Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсенбинов.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы заң арқылы жер учаскесіне электронды түрде құқық беру тәртібі айқындалады.
«Жерді барынша тиімді пайдалануға жағдай жасау – мемелекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте жер саласын цифрландырудың берері мол екені сөзсіз. Сондықтан қабылданған заң осы бағытта жасалған – нақты қадам. Жалпы, осы саладағы мемлекеттік саясаттың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Заң жобасын қарау барысында Сенат оған қосымша түзетулер енгізді. Мысалы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбау немесе ұтымсыз пайдаланудың уақтылы жолын кесу және алдын алу тетіктері күшейтілді. Алдағы уақытта заң жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруға және олардың тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.