Яндекс, Glovo платформасында жұмыс істейтіндер ресми жұмыспен қамтылған деп танылуы мүмкін

Жарияланды
Фото: Kursiv.media

Сенатта Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне қатысты жаңа заң жобасы жөнінде қаулы қабылданды. Бұл жоба екінші қаралымда қолдау тапса, Яндекс, Glovo платформаларында жұмыс істейтін азаматтар ресми жұмыспен қамтылған деп танылуы мүмкін. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтарға тәуелсіз жұмыскерлер деген атау енгізіледі. Олар ресми жұмыспен қамтылған деп танылады. Яндекс, Glovo платформасында жұмыс істейтін азаматтар осы категорияға жытқызылады», деді министр.

Жоба біріншіден мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінің парадигмасын түбегейлі өзгертуді көздейді. Яғни ол әлеуметтік сын-қатерлердің салдарын жоюға емес, керісінше, өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады.


Заң жобасында отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың мемлекеттік кепілдіктер бойынша дербестендірілген дерекқоры құрылады. Бұл дерекқор органдардың қазіргі ақпарат жүйелері негізінде қалыпастырылмақ. Жүйенің негізгі мақсаты – қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету.

«Сондықтан да кодексте отбасылық карта – мемлекеттік, әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленген. Яғни осы цифрлы карта арқылы мемлекет кімге, қашан, қандай көмек керегін анықтап қана қоймай, әлеуеттік тәуекелдердің алдын-алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Сонымен бірге бұл карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құрал қызметін атқаратын болады. Ақпарат әр отбасыға мемлекеттік орган тарапынан смс хабарлама ретінде жіберіледі. Мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу қолға алынады. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесіндегі бар деректерге негізделіп, тағайындалатын болады. Қоданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады», деді ТамараДүйсенова.

Атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту шаралары да заң жобасынан тыс қалмаған. Атаулы шаралар дәл осы цифрлы карта негізінде анықталып, отбасының статусына қарай көрсетілетін болады. Мысалы, цифрлық картадан көп балалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын қатерге тап болу ықтималдығы жоғары екендігі анықталған жағдайда көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін қосымша атаулы шаралар қарастырылады. Сонымен бірге көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері сараланып, оларға «Наградталған аналар» деген статус беру мәселесі де көзделген.
Әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақы мөлшерін көбейту ойластырылып жатыр. Бұл орайда атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады. Бұл тәжірибе елемізде 2025 жылдан бастап енгізіледі.

Ал мүгедектігі бар азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжеткізуі үшін мүгедектігі бар азаматарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелері тартылады. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде рәсімделіп, ол жұмысына еңбекақы төленеді. Осылайша отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтамасыз етілмек.

«Әлеуметтік сақтадыру мен зейнетақы жүйелеріне қатысты айтсақ, қазіргі сақтандыру жүйесі әлеуметтік тәуекелдің бес түрінен сақтандырылған екен. Бұл халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе боп саналады. Сондықтан оның негізі сақталып, мақсаты өзгермек. Атап айтқанда, жаңа заң жобасына сәйкес 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын болады. Осы мақсатта бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейетақылары мөлшерін есептеу параметрлері де өзгереді. «Бұл өзгеріс аталған зейнетақы мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып, бүгінгі ұрпақ зейнеткерлерінің толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады. Сонымен бірге салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активерді басқару компаниясына беру, және ол компанияны өздері таңдау құқығы беріледі» дейді министр.

Бұл жобада қарастырылған әлеуметтік кодекс нормаларын толық жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен алдағы үш жылға 2.3 трлн теңге бөлінбек.

Сондай-ақ оқыңыз