Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылардың шотындағы қаражат сомасы азайды. Не себепті бұлай болғанын БЖЗҚ өкілдері түсіндіріп берді.
Зейнетақы қоры мамандарының мәлімдеуінше наурыз айында доллардың құлдырауы кезінде инвестицияның валюталық бөлігі теңгемен салыстырғанда, айтарлықтай төмендеген. Дәл осы жайт Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұтынушыларының шотындағы қаражатқа әсер еткен. Нәтижесінде көптеген салымшылар жинаған қаражатының айтарлықтай азайғанын аңғарған.
БЖЗҚ мәліметі бойынша, барлық зейнетақы жинақтарының 30 пайызы шетел валютасына айырбасталады. Наурызда доллардың құлдырауы кезінде инвестицияның валюталық бөлігі теңгемен салыстырғанда біршама төмендегені де сондықтан.
Десе де, БЖЗҚ әр сейсенбі сайын құбылмалы мөлшерлемемен қаражатты қайта есептеп отырады. Зейнетақы қорының өкілдері шоттағы қаражаттың ешқайда кетпейтінін айта келе, жинақтаушыларды сабыр сақтауға шақырып, өз шоттарын кейінірек қайта тексеруін сұрады.
Ал зейнетақы қаражатын шетел валютасына инвестициялауға келетін болсақ, бұл стандартты халықаралық тәжірибе.
«Қазақстандықтардың ақшасы – Қазақстан үшін жұмыс істеуі керек. Сәйкесінше, түрлі тәуекелдерден сақтандыру мақсатында ақшаның бір бөлігі дәл басқа елдердегідей, шетел валютасына айырбастау туралы шешім қабылданды», деді БЖЗҚ Астанадағы филиалының директоры Мұрат Шәріпов.