Бұл қаражат ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін жұмсалады. Үкіметі 2023–2027 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының шеңберінде 2023 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамын нақтылады.
Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Парламент Сенатының жалпы отырысында Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылау жөніндегі баяндамасында мәлімдеді.
Оның дерегінше, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 1,7% бен 2,9% арасында болжануда.
«2023 жылға арналған Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасының консенсус-болжамы барреліне 87,3 АҚШ долларын құрайды. Жыл басынан бері орташа баға барреліне 84 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Салалық министрліктердің бағалауы бойынша 2023 жылы экономиканың секторларында бұрын мақұлданған мәндерде оң серпін күтілуде», деді Б.Омарбеков.
Осыған байланысты, Үкімет 2023 жылға арналған әлемдік экономиканың өсуіне және экспорттық тауарлардың бағалары бойынша жаңартылған болжамдарға сүйене отырып, елдің макроэкономикалық көрсеткіштері бұрын мақұлданған деңгейде сақталады деп пайымдап отыр.
Оған сәйкес, биыл ЖІӨ-нің нақты өсуі 4% деңгейінде, мұнай бағасы – барреліне 85 АҚШ доллары, мұнай өндіру көлемі – 92,6 млн тонна болады деп күтілуде.
Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда мен көлік салаларында өсіп болжанып отыр. Экспорттың көлемі 80,9 млрд АҚШ доллары, импорттың көлемі – 45,7 млрд АҚШ доллары деңгейінде болмақ.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика вице-министрі Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен қыркүйек айындағы Жолдауын қамтамасыз ету бойынша Үкімет алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін 2023 жылға арналған бюджет параметрлері нақтыланғанын мәлімдеді.
«Осыған сәйкес, 2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсе отырып, ЖІӨ-нің 12,1% немесе 14,6 трлн теңге деңгейінде болжануда. Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын ұлғайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыру бойынша Үкімет қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі. Мәселен, ағымдағы жылы бюджет кірістерінің біржолғы түсімдер есебінен 316 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту есебінен 404 млрд теңгеге ұлғаяды деп күтілуде» », деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Сонымен қатар, Бауыржан Омарбековтың дерегінше, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 800 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт қосымша тартылатын болады.
Үкімет биыл бюджет тапшылығын 3,2 трлн теңге көлемінде немесе ЖІӨ-нің 2,7% деңгейінде сақтауды ұсынып отыр. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыстары бекітілген көлемнен 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 22,5 трлн теңгені құрайтын болды.
«Жалпы бюджет параметрлерінің нақтылау Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасы және Жолдауы шеңберіндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған», деді Б.Омарбеков.