Депутаттық мандатты кері қайтарып алу институты заң шығарушы органның жұмысына әсер етеді – сарапшы
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі сайлау кезеңі – саяси трансформацияның негізгі элементінің бірі. Саяси реформалар еліміздегі сайлау мәдениетінің түрленуі мен азаматтық белсенділіктің өсуіне мүмкіндіктер ашты деп есептейді олар. Өз кезегінде бұл сайлау науқаны мемлекеттік институттардың жаңғыра түсуіне де жол ашып отыр. Ал кешенді жүргізілген саяси реформалар өкілді билік тармақтарының барлық деңгейіне ықпал етіп, жаңаруына мүмкіндік бермек.
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Саяси реформалар: жаңа саяси модельге көшу» сарапшылар талқылауында институт директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина саяси реформаларды жүзеге асырудың бірнеше аспектілерін атап өтті.
«Біріншіден, саяси партияларды тіркеудің жаңа ережелері жаңа партиялардың пайда болуына бәсекелестік орта қалыптастырды. Ал қазірдің өзінде заңнамалық жаңалықтарға сәйкес екі жаңа партия пайда болды. Екіншіден, осы сайлау циклі аясында азаматтардың сайлану құқықтары жүзеге асырылды. Бұл ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшудің арқасында әрбір азамат Парламент пен мәслихат сайлауына қатысу құқығына ие болды. Үшіншіден, бұл – саяси институттарды жаңғырту. Бұл жерде сөз тек сандық өзгерістер туралы емес, сонымен қатар Парламент пен жергілікті мәслихаттардың құрамы мен жұмысындағы елеулі өзгерістер туралы болып отыр. Маңызды жаңашылдық –депутаттық мандатты кері қайтарып алу институты. Сөзсіз бұл заң шығарушы органның жұмысына әсер етеді», деді А.Жолдыбалина.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевтің айтуынша, қазіргі сайлау барысында билік пен қоғам арасында жаңа қоғамдық келісім құрылды.
«Саяси күштердің барлығы қатысып жатыр, оның ішінде жаңасы да бар, тәжірибесі молы да бар. Сондай-ақ сындарлы пікір алмасу да бар. Саяси процестердің эволюциялық принципі сақталалып жатыр және бұл процестердің динамикасы мен тұрақтылығы сақталуда. Әлеуметтік желілердегі пікірталастар жоғары белсенділік күтілетінін көрсетеді. Бұл электораттың жоғары көрсеткішіне себеп болады деген үміт бар. Сонымен бірге бізге дауыс беру мен сайлау мәдениетін сіңіруге үйрену керек. Кейбір сайлаушылар үшін бұл бірінші дауыс беру тәжірибесі болады. Жастардың көбі мажоритарлық жүйе қолданылған кезде дүниеге келді. Айналамызға сайлаудың қалай жұмыс істейтіні және оның нәтижесі қалай әсер ететіні туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», деді ол.
Депутаттық мандаттардың саны небәрі 29 болса да, бір мандатты сайлау округтерінде бәсекелестіктің жоғары деңгейі байқалады дейді талқыға қатысқан Андрей Чеботарев.
«Бұл өз кезегінде жаңа идеяларды насихаттауды және саяси-ақпараттық күн тәртібінің алуан түрлілігін білдіреді. Екінші жағдайда Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың жаңа құрамдарын қалыптастыру ел мен оның өңірлерін дамыту мүддесінде бірқатар маңызды шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда Мәжілістің алдыңғы шақырылымынан жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бақылау туралы заң жобалары жаңа Мәжілістің қарауына өтеді. Сондай-ақ олардың алдында әлеуметтік-экономикалық сипаттағы үлкен көлемдегі шараларды Президенттің сайлауалды бағдарламасын заңнамалық тұрғыдан іске асыру міндеті тұр», деді «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры.
Саясаттанушы Жанар Төлендинова қазіргі сайлау науқаны саяси реформаларға қатысты күмәнді жоққа шығара алатын маңызды элемент.
«Бүгінгі сараптамалық талқылаудың тақырыбы өте өзекті. Биылғы үгіт-насихат науқаны саяси реформаларға қатысты скепсисті жоққа шығарды. Аралас жүйені енгізу, бір мандатты округтер бойынша сайлану мүмкіндігі азаматтардың сенім деңгейін арттырып, олардың азаматтық, саяси белсенділігін көрсетуге серпін берді деп айтуға болады», дейді Ж.Төлендинова.
Айта кетейік, биылғы сайлау науқанына 7 саяси партия қатысып жатыр. Олардың екеуі жаңадан құрылған. Партиялық тізімге сәйкес пропорционалды жүйе бойынша 69 депутат, ал 29 депутат бір мандатты округ бойынша сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарының сайлауы да аралас сайлау жүйесі бойынша 50/50 қатынасымен өтеді.
Мәжіліс сайлауында партиялық тізім бойынша барлығы 281 кандидат тіркелді. Бір мандатты 29 округ бойынша Мәжіліс депутаттығына 435 кандидат (орта есеппен бір мандатқа 15 кандидат) тіркелген.