Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстандағы іскерлік белсенділікке кері әсер етіп жатқан факторларды атады. Ол бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында баяндады.
Оныңк дерегінше, биыл әлем экономикасында белсенділік жақсарған.
«Іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі 6 ай төмендеген соң қаңтардағы 49,8-ден ақпанда 52,1-ге дейін өсті. Қытай экономикасының ашылуына байланысты сұраныс артып, рецессиялық тәуекелдер төмендеп, логистикалық маршруттар жөнге келгендіктен баға қысымының әлсірегені байқалды», – деді ұлттық банк төрағасы.
Қазақстан 8 ай қатарынан теріс аймақта болған. Бірақ бүгінде іскерлік белсенділік жағдайы жақсара бастаған. Алайда салаға кері әсерін тигізіп жатқан факторлар бар.
«2023 жыдың қаңтарында іскерлік белсенділік индексі өсу аймағына өтіп, 50,7-ні көрсетті. Ақпанда индикатор 50-ді құрап, өзгеріс болмағанын аңғартты. Барлық секторда тауар жеткізу мерзімінің ұзақтығы іскерлік белсенділікті тежейтін фактор болып қалып отыр», – деді ол.
Оның айтуынша, ақпанда жылдық инфляция 21,3%-ға жеткен.
«Бұдан әрі біздің жаңартылған болжамымызға сәйкес 2023 жылдың соңына дейін инфляция 9-12%-ға дейін баяулайды деп жоспарланып отыр. Оған қазіргі кездегі ақша-кредит саясаты, сыртқы инфляциялық ортаның төмендеуі және логистикалық жеткізу жолдарының ретке келуі әсер етеді», – деді Ғалымжан Пірматов.