Ұлттық қордың қаржысы азаюда: Сенат спикері Үкіметті ақша үнемдеуге шақырды

Жарияланды
Мәулен Әшімбаев ақша үнемдеуге шақырды. Фото: Kursiv.media

Республикалық бюджетті талқылау кезінде Сенат спикері соңғы 5 жылда трансферттерді қоспағанда бюджет кірісі шамамен 66% өскенін айтты. Осы уақыт ішінде шығындар 120% ұлғайған. Осы мәселеге мән берген Мәулен Әшімбаев, бұл проблеманы шешу үшін министрлерді қаржы саласында тәртіп сақтауға және қаражатты үнемдеуге шақырды.

«Бізде кірістерден шығыстар екі есе көп екені байқалады. Сондықтан да, Үкімет бұл ақшаны бюджет тапшылығын ұлғайту есебінен Ұлттық қордан алатыны түсінікті де қисынды. Немесе салық базасын ұлғайту керек. Осыған байланысты барлығымыз қаржы саласында тәртіпке көшуіміз керек, Ұлттық қор қаражатын тек стартегиялық мақсаттарға бағыттауымыз керек, жалпы Ұлттық қор активтерін ұлғайтуға қатысты айқын стартегия болуы керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалуы қажет екенін еске салды.

«Қазір Ұлттық қордың қаржысы азаюда. Соңғы 8 жылда Қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеген. Ал, біздің алдымызда оны 100 миллиард долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Сондықтан Ұлттық қордың активтерін ұлғайту қажет. Соған байланысты одан түсетін табыс балаларға көбірек бағытталады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат кулуарында журналистерге берген сұхбатында, ол қаражатты үнемдеу мәселесі  алдағы жылдың бюджеті қаралған кезде, күзде де ескерілетінін айтты.

«Өйткені біздің шығыстарымыз өте көп, әлеуметтік салаға біраз қаржы керек, оны естіп жатсыздар. Бюджеттің 40%-ға жуығы әлеуметтік салаға жіберіліп жатқан қаржылар. Сол себепті, ары қарай халықты қолдау үшін, жылу желілерін ары қарай жаңғырту үшін бізге көп қаражат керек. Сондықтан, министрліктер, әкімдер қаржы саласында тәртіп орнатуы керек. Әр-түрлі ұсыныстарды бере бермей, тек қана елдің жағдайына қатысты немесе стратегиялық инфраструктураға байланысты мәселелерді қаржыландыруымыз керек. Өте үлкен маңызы жоқ мәселелер болса, оны болашаққа қалдыруға болады», дейді Сенат Спикері.

Бүгін Сенат отырысында 2023 жылға арналған бюджет нақтыланды. Соның ішінде Ұлттық қордан 800 млрд теңге трансферт тартылатыны мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз