Жаңалықтар

Қазақ күйлері анимацияда: «Дала шырқауы» мультсериалы жарық көрді

Qūrmanğazy - ŪZAQ | DALA shyrqauy
Qūrmanğazy – ŪZAQ | DALA shyrqauy

Кеше, наурыздың 16-сы YouTube платформасында  әйгілі күйші, белгілі дала композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына арналған 13 сериялы «Дала шырқауы» мультсериалы жарық көрді. Бұл  – Tasqyn  аты жас студияның қазақ күйлерінің шығу тарихымен таныстыратын дебют жобасы. Сонымен қатар  қазақ халқының  XIX ғасыр соңындағы тұрмыс-тіршілігі –  көшпенді өмір салтынан отырықшылыққа көшу және өз жерін, еркіндігі мен даралығын сақтау жолындағы отаршылдармен күресін баяндайды.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас және дарынды суретшілерден құралған  Tasqyn Animation Studio – қазақ тарихы туралы жаңа цифрлық туынды жасау үшін бас қосқан мамандар. Құрамында 75 адам мен 9 аниматорлар тобы бар компанияның алғашқы жобасы – «Дала шырқауы» анимациялық сериалы. Оның бас кейіпкері – ұлы күйші, қазақ дәстүрлі музыкасының аңызы – Құрманғазы.

Мультсериалдың алғашқы сериясы Құрманғазының  ұстазы – Ұзақ күйшіге арналған. Кішкентай Құрманғазыны күй әлеміне алып келген осы кісі, оның әңгімелері мен күйлері.

Аталмыш жоба бірінші маусымының қорытынды бөлімі Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісоваға арналып, оның қазақ күй тарихындағы ең көрнекті күйші мұрасына деген көзқарасын таныстырады.

Qūrmanğazy – ŪZAQ | DALA shyrqauy

«Дала шырқауының» әр сериясы – Құрманғазы Сарыбайұлының басыннан өткен шағын оқиға. Ал оның өзі тамаша күйші, композитор ғана емес, әңгімешіл кісі болғаны белгілі. Сценарийде нақты тарихи оқиғалар мен қазақтың бай мифологиясынан алынған сюжеттер тоғысқан. Мұны анимацияның алғашқы  сериясынан-ақ аңғаруға болады.  Онда Ұзақ ел аралап жүрген күйші ғана емес, ежелгі зұлым күшті бағындарған, қазақ аңызындағы айдаһарды жеңген адам ретінде суреттеледі. Шынымен де аузынан от шашқан айдаһардың кім екенін – патшалық Ресейдің отаршыл саясаты ма, әлде халықтың сол кездегі бас біріктіре алмауы ма, болмаса мәдениетіміздегі бірегейлікті жойып жатқан техникалық прогресс пе – әркім өзі шешеді. Анимацияның эпизодтары қысқа, ұзақтығы шамамен 3-5 минут, ол екі апта сайын жарияланып отырады. Алты ай ішінде көрермен бүкіл сериалды толықтай көре алады.

«Дала шырқауы» ұлы күйшінің нақты өмірбаяны емес, – дейді жоба авторларының бірі, Tasqyn студиясының жетекшісі, продюсер Альберт Аргенштейн, – бұл тек күйші шығармаларының шығу тарихын баяндауға деген талпыныс. Халық мұрасы болып қалған күйі мен қазақтың аңыз-әңгімелерінің еркін, анимациялық интерпретациясы. — Алайда бұл жобада біз үшін оның шығармашылығын ғана емес, сол кездегі қазақ даласындағы қоғамдық-саяси өмірді де көрсету өте маңызды болды. Өйткені, «күй» деген не? Былайша айтқанда, «көңіл-күй» немесе жастар тілімен «вайб» деген сөз. Сондықтан күйшінің бүкіл туындысы жай ғана музыкалық шығарма емес, сол уақыттың лебі, көңіл-күйі, сол кездегі әсер мен сезімдерді бейнелейді. Сол уақытта Кұрманғазының ғана емес, бүкіл халықтың бастан кешкені. Бұл жерде музыканттың бас көтеріп, отарлау саясатына қарсылық танытуы да өте маңызды. Сондықтан сериалымыздың көрермені осы күйлердің тарихын біліп қана қоймай, сол кезеңге «өтіп», бабаларымыздың қалай өмір сүріп, қандай тұрмыс кешкеніне, бастан не өткергеніне терең бойлағанын қалаймыз. Домбыраның қос ішегінен төгілген саз не айтқысы келгенін, қандай мәні барын түсінсе дейміз».

Мультсериалдағы Құрманғазы күйлерінің бәрін белгілі күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепберген шертеді.

Qūrmanğazy - ŪZAQ | DALA shyrqauy: ep. 1 //   Құрманғазы - Ұзақ | Дала шырқауы (Қазақ күйлері)

Сонымен қатар, «Тасқын» студиясы қазір бірден төрт анимациялық жобаны қолға алып, соның ішінде «Дала Шырқауы» фильмінің екінші маусымын жасап жатқанын айта кету керек. «Егер алғашқы 13 бөлімді Құрманғазыға арнасақ, жобаның жалғасын Сүгірге арнаймыз – ол да белгілі күйші, Қазақстанның басқа өңіріндегі домбыра мектебінің өкілі,– деп Альберт Аргенштейн көрерменді қызықтырады, – негізінде біз тек домбыра күйлерін ғана емес, халқымыздың бай музыкалық мұрасын насихаттасақ дейміз».