Бас прокуратура сайлауалды үгіт науқаны кезінде 23 заң бұзушылық тіркеді

Жарияланды
Қазақстан туы
Бас прокуратура үгіт-насихат барысында жіберілген заң бұзуды анықтады / Shutterstock

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында Бас прокуратура 23 заң бұзу фактісін тіркеген. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы отырысында ҚР Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді.

Оның айтуынша бүкіл 23 факті бойынша заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Басым бөлігі- 12 факті тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізумен байланысты.

«Оның ішіндегі 6 жағдайда кінәлілер үш заңды тұлға мен үш азамат болып шықты. Олар кандидаттар емес. Қалған 6 жағдайда үгіт жұмыстарын заңсыз, яғни кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін (18 ақпан сағат 18:00-ге дейін) Мәжіліс депутаттығына кандидаттар жүргізген. Олар бір мандатты округтер бойынша тіркелгендер Біз оларды жауапқа тарту үшін ОСК-нің келісімін алдық», деді Бас прокурордың орынбасары.

Сот ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша айыппұл салғаннан кейін және сот актілері заңды күшіне енген соң тиісті округтік сайлау комиссиялары оларды тіркеу күшін жойды.

Алматы қаласындағы тағы бір кандидат ӘҚБтК-нің 122-бабы бойынша жазаға тартылған. Ол сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзып, тегін такси қызметін көрсеткен. Кінәсін мойындап, тіркеу күші жойылды.

Жандос Өмірәлиев үгіт жүргізу кезеңінде Қарағанды қаласының 2 тұрғыны ӘҚБтК-нің 114-бабы бойынша үгіт материалдарын жұлып, бүлдіргені үшін жауапқа тартылғанын айтты. Оларға 15 АЕК сомасында айыппұл салынған.

Тағы 3 адам заңсыз сауалнама жүрген. Заң бойынша оларды 5 жылдық тәжірибесі бар және ОСК-сын алдын ала хабардар еткен заңды тұлғалар ғана жүргізуге құқылы. Аноним үгіт материалдарын таратудың 5 фактісі анықталды. Олар бойынша 4 адам ӘҚБтК-нің 113-бабымен жауапқа тартылды – 3-уі Ақмола облысынан кандидаттың өкілдері, 1-уі – БАҚ өкілі.

Бүгін сағат 24:00-де сайлау алдындағы үгіт жұмыстарының кезеңі аяқталады. Ертең, 18 наурызда және дауыс беру күні – 19 наурызда кез келген үгітті жүргізуге тыйым салынады.

Елімізде Мәжіліс пен Мәслихаттар сайлауы 19 наурызға белгіленген. Оған саяси партиялар мен бір мандатты округтер бойынша кандидаттар ұсынылды. 

Сондай-ақ оқыңыз