«7 арна» концепциясын жаңартты

Жарияланды
телеканал

7 арнаның жаңа маусымы жаңалыққа толы. Жаңа келбет, жаңа бағыт, жаңа контент. Жаңару үшін танымдық дүниемен бірге, жаңа ойын-сауық бағдарламалар жарыққа шықты, деп хабарлайды арнаның баспасөз қызметі.

Шуақты көктеммен бірге қайта түлеген арна көрерменмен бірге көрер көзге де айрықша болып қайта түрленді. Ребрендинг жасалды. Ел көретін эфир ерекше безендіріліп, жаңа жасаумен жаңғырған. Яғни, арнаның логотипі ауыстырылып, бағдарламалар кестесі қызықты контентпен толықты.

«Біз барлық жастағы көрермен үшін заман талабын ескеріп, қайта жаңардық. Түрлендік. Әртүрлі түрге ендік. Көңілді күйге ендік. Бұның бәрі Сіз үшін патша көңіл көрермен. Ерекше жобаларымыздың бірі – «Қыздар-ай». Өйткені, әйелдер – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы», дейді арнаның бас директоры Әния Байораз.

Арнаның бас директоры Әния Байораз. Фото: баспасөз қызметі

Тарқататын болсақ, 20 наурыз күні,  сағат 14:30-да «Қыздар-ай» атты жаңа әлеуметтік шоудың шымылдығы түріледі. Жарқыраған жұлдыздар Жанар Айжанова мен Аша Матай жүргізеді.

Бағдарламаның басты мұраты – нәзік жандардың жан жүрегін тербеп, көрерменге күн сайын студияға келген алуан кейіпкердің алуан түрлі өмірі мен өзекті мәселелерін толғайды. Тағдыр талайымен бірге олардың қуаныш пен жұбанышы, жетістігі мен жетпей жатқан тұстары, өмірлік тәжірибелері мен тәлім- түсінігі талқыға түседі. Артық болмаса, ақыл айтылады. Керек болса, кеңес беріледі.

Тағы бір жаңалық – танымал тұлғаларға қатысты. Оны жексенбі сайын 7 арнада Анна Данченко жүргізеді. Анна эфирдегі уақытын елге есім-сойы белгілі шоу бизнес, театр және кино жұлдыздарына арнайды. Әр сенбі мен жексенбі күндері «Жұлдызды шаңырақ» және «Қызықты weekend» бағдарламаларында Анна көрерменге БАҚ өкілдері бас сұға бермейтін жерлерді көрсетеді. Сырын ашады. Жұмбағын шешеді.

«Аудиториямыздың негізгі бөлігі қыз-келіншектер болғандықтан арнамыз отбасы құндылықтарын нығайтуға баса мән береді. Біз көрермен танымының көкжиегін кеңейтіп, парасат- пайыммен елдің ертеңіне керек дүние жасасақ дейміз. Соған орай, арнамызды жаңа форматқа көшіріп, көрерменге көп тосын сый әзірледік», делінген хабрлама.

Аяулы жандар аудиториясына арналған жобалардан басқа, жақын арада 7 арна эфирінде қазақ және орыс тілдерінде баламасы жоқ апталық кешкі шоу басталады. Сценарийі әзірге құпия, бірақ 7 арнаның креативті тобы қалың көрерменге бұл шоудың сөзсіз қызықты болатынына уәде беріп отыр.

Телеарна өздеріңізді Қазақстан, Түркия, Ресей, Украина, Бразилия және АҚШ түсірген эксклюзивті фильмдермен, сериалдармен тамсандырмақ.

Сондай-ақ оқыңыз