Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев инстаграм-парақшасында қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны Индиан-Уэллс кортындағы жеңісімен құттықтады» деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Индиан-Уэллстегі беделді турнирде жарқын жеңіске жеткен Елена Рыбакинаны құттықтаймын! Біздің спортшымыз асқан шеберлігін, жеңіске деген мұқалмас ерік-жігерін және спорттағы жоғары мәдениет үлгісін көрсетті. Елена әлемдегі үздік корттарда жаңа жетістіктерге жете береді деп сенемін!» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі турнир финалында беларусь спортшысы Арина Соболенкодан басым түсіп, жеңіске жетті. Ол жартылай финалда поляк Ига Швентекті ұтқан болатын. Осылайша, қазақстандық спортшы Индиан-Уэллс турнирінде әлемнің бірінші және екінші ракеткасын жеңген алғашқы теннисші атанды. Ол бұл жеңісі үшін 1 262 220 АҚШ долларын алады.